$ 538.12  627.02  6.65

«25 жылдан соң әр төртінші қазақстандық зейнеткер болады»: Сарапшылар зейнетақы жүйесінің күйреу қаупін ескертті

Маманның сөзінше, қор ақшасын тәуекелсіз, нақты кіріс әкелетін бағыттарға инвестициялау керек.

catherineasquithgallery.com
catherineasquithgallery.com

Қазақстанда 2050 жылға қарай зейнеткерлердің саны төрт есе көбеймек — 520 мыңнан 2 миллион адамға дейін. Бұл – жай ғана статистика емес, елдің әлеуметтік жүйесіне соққы болуы мүмкін сценарий. Қазірдің өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) зейнетақы аударымдарының жеткіліксіз екенін мойындап отыр, 

 «10 пайызбен лайықты зейнетақы алу – бос арман»

  • Қазіргі жүйе бойынша әр азамат табысының 10 пайызын зейнетақыға аударады. Бірақ бұл мөлшер зейнеткерлікке жеткенде жеткіліксіз.
  • БЖЗҚ есебінде:
  • Табыс деңгейін 30% мөлшерінде сақтау үшін жарна кемінде 13% болуы тиіс.
  • Ал еңбек өтілі 20 жыл болса, жарна 29,2% болуы қажет.
  • Ал қазір бар болғаны 10%.

ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орташа 18,2%. Демек, біздегі жүйе дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жарнамен болашақ зейнетақы «бір айлық табыстың жұрнағындай ғана» болады.

 “4+1” моделі: үміт бар ма?

Сондықтан отандық экономистер жаңа жүйе – «4+1» үлгісін ұсынды. Оның мәні:
4% – адамның жеке шотына түседі (мұрагерлікке қалдырылады).
1% – ортақ сақтандыру қорына кетеді (зейнетке шыққан соң өмір бойы төлем жасалады).
Қызметкер бұрынғыдай 10% төлейді.

Нәтижесінде жалпы аударым 14%-ға дейін өседі.

«Бұл модель азаматтың жеке жинағын арттырады және өмір бойғы төлем жүйесін қалыптастырады. Бірақ жарнаны тұрақты аудару – басты шарт», — дейді экономист Ораз Жандосов.

Қаржыгер Григорий Марченко да бұл бастаманы қолдайды:

«Бүгінгі 10 пайыздық жүйе болашақ зейнеткерлерді кедейлік шегінен шығармайды. Біз жарна көлемін арттырмасақ, 20 жылдан кейін елдің үштен бірі кедей зейнеткерге айналады».

 “Ерте шешіп алу” — зейнетақының ең үлкен жауы

Бірнеше жыл бұрын азаматтарға зейнетақы жинағын үй, емге немесе оқуға жұмсауға рұқсат берілді. Сол арқылы мыңдаған адам ақшасын ертерек шешіп алды.
Бірақ БЖЗҚ талдауына қарағанда, бұл шешім болашақта үлкен проблемаға айналуы мүмкін.

Есеп бойынша:
Егер ақша мерзімінен бұрын алынбаса, 2050 жылға қарай қорда 106 трлн теңге болар еді.
Ал шешіп алу жалғаса берсе, бұл сома 46 трлн теңгеге дейін түседі — яғни 2,3 есе аз.

«Қазір үй алып қуанып жүргендер, 25 жылдан кейін зейнетақысы жоқ қартқа айналуы мүмкін», — дейді қаржы сарапшысы Елена Бахмутова.

Қор ақшасы қайда кетіп жатыр?

Экономист Шаймерден Мырзағұлов зейнетақы активтерінің қайтарымсыз жобаларға кетіп жатқанын айтады:

«Қор қаржысы теміржол мен агросекторға жұмсалып жатыр. Бірақ ол салалардың табысы төмен. Нәтижесінде қаражат “жоғалып”, зейнетақы өсімі азаяды».

Маманның сөзінше, қор ақшасын тәуекелсіз, нақты кіріс әкелетін бағыттарға инвестициялау керек, әйтпесе “зейнетақы – қағаз жүзіндегі ғана активке айналады”.

Өз бетімен жұмыс істейтіндер не істейді?

Тағы бір түйткіл — өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми еңбек ететін азаматтар. Олар зейнетақы жарнасын мүлде төлемейді.

«Бұл топты жүйеге қосу керек. Әйтпесе, 20 жылдан соң зейнетке шыққанда оларда ештеңе болмайды. Бұл – болашақтағы әлеуметтік жарылыс», — дейді экономист Болат Жәмішев.

Егер “4+1” моделі іске қосылса, әр азаматтың жинағы артып, өмір бойғы төлем жүйесі қалыптасады.
Бірақ бәрі де бақылауға, басқару сапасына және сенімге байланысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары