Ал ең қымбат ұсыныс — 8 миллиард 90 миллион теңге тұратын зәулім сарай.
Есілдің сол жағалауында орналасқан элиталық «депутаттар қалашығында» үйлер ертегідегідей бағамен сатылуда. Кейбір нысандардың фотосы да, толық сипаттамасы да жоқ — барлығы жабық түрде ұсынылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мысалы, тоғыз бөлмелі, үш қабатты үй мен 20 сотық жер телімі бар үйдің бағасы 1 миллиард теңге. Үйдің ішінде терраса, фитнес-зал, сауна, кинозал және қонақтарға арналған бөлек киіз үй бар.
Ал ең қымбат ұсыныс — 8 миллиард 90 миллион теңге тұратын зәулім сарай. Площады 2100 шаршы метр, ал жері — 240 сотық. Үйде бассейн, монша, бақ, жазғы асүй, мангал аймағы мен күзет бар.
Риелторлар мұндай нысандарды көру үшін сатып алушы жеке куәлігі мен аты-жөнін алдын ала жіберуі керек дейді. Себебі сатылым жабық, ал клиенттер мұқият іріктеледі.
Бұл аумақта негізінен ірі бизнес өкілдері, саясаткерлер мен жоғары лауазымды тұлғалар тұрады. 2014 жылы салынған “депутаттар қалашығы” бүгінде Астанадағы ең жабық әрі ең қымбат аудан саналады.