Бұл видео 1,6 миллион қаралым жинап, желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Пікір
 
                    Қостанай облысының тұрғыны есімін Ұлболсыннан Айшаға ауыстырып, қуанышты сәтін Instagram желісінде бөлісті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы "Наша газета" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеода әйелдің жаңа құжатын Халыққа қызмет көрсету орталығынан алып жатқаны көрсетілген. Енді оның аты-жөні Айша Рахымжанқызы.
"Енді мен Айша Рахымжанқызы", – деп жазды видео авторы.
Бұл видео 1,6 миллион қаралым жинап, желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Пікір қалдырған қазақстандықтар әйелдің шешімін қолдады.
"Бір қуаныштысы біздің ұрпақ енді қыздарын бұлай атамайтын болды", "Дұрыс. Бұл қыздарға қатысты өте әділетсіз дәстүр еді!", "Қандай символикалық: Ұлболсын (ұл туса екен) есімі Айшаға ауысты. Құтты болсын, өміріңіз өзіңіздікі болсын!" – деп жазды желі қолданушылары.
Кейбір жазылушылар өздерінің де есімдерін осындай себеппен өзгерткенін айтты.
"Менің де атым бұрын Ұлболсын еді, қазір Аяла", - деді оқырмандардың бірі.
Қазақтар арасында ұл күту ниетімен қыз балаға осындай мағынадағы есім қою дәстүрі бар. Әдетте мұндай есімдер төртінші немесе бесінші қыз дүниеге келгенде қойылады, себебі ата-аналар келесі баланың ұл болуын қалайды. Мұндай есімдер қатарына Ұлболсын, Ұлжан, Ұлпан, Ұлбала, Ұлмекен және басқа да аттар жатады. "Ұлболсын" есімі тура мағынасында "ұл туса екен" дегенді білдіреді.