Аталған мәлімдемеден кейін қоғамда түрлі пікірлер пайда болды.
Түркістан облыстық мәслихатының ең жас депутаты Нұрайым Шақимерген Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевқа қатысты мәлімдемесімен жұрттың назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін Нұрайым әлеуметтік желіде Темір Қырықбаевпен бірге түскен суретін жариялап, «Қандай адам екенін біліңіздер» деп жазған болатын. Бұл жазба көпшіліктің қызу талқысына түскен еді.
Ал бүгін ол жаңа мәлімдеме жасап, өзінің сөзін одан әрі нақтылай түсті:
«Қызметі үшін баласынан безген адамды көрдім. БАҚ өкілдеріне сұхбат беруге дайынмын, жеке жазыңыздар», — деді ол желідегі жаңа жазбасында.
Аталған мәлімдемеден кейін қоғамда түрлі пікірлер пайда болды. Желі қолданушыларының бірі Нұрайымды батыл әрекеті үшін қолдаса, енді бірі мәлімдеменің астарын түсінуге тырысып жатыр.
Айта кетейік, Темір Базарбайұлы Қырықбаев — 1983 жылы 3 мамырда туған. 2023 жылдан бастап Қазақстан Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.
Қазіргі уақытта екі тараптан да ресми түсініктеме берілмеген. Алайда әлеуметтік желіде бұл жағдайға қатысты талқылау қарқыны бәсеңдейтін түрі жоқ.
Желіде бұл оқиға билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың, сондай-ақ шенеуніктердің жеке және қызметтік этикасына қатысты сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды.