30.10.2025, 13:20

Жамбылдық тұрғын құрал-сайман бермей қойғаны үшін көршісін пышақтаған

Фото: Polisia.kz

Қылмыстық оқиға қыркүйек айында Төле би ауылында болған. 

Іс материалдарына сай, сотталушы көршісіне барып, құрылыс құралдарын уақытша беруін сұраған көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Десе де, ол одан бас тартқан. Сол себепті, екеуінің арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан. Келіспеушілік кезінде сотталушы үстел үстінде жатқан пышақты алып, көршісінің ішіне бір рет тығып алған. Жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілген. 

Сот айыпталушының кінәсін мойындағанын, өкінгенін және тараптардың татуласқанын ескеріп отыр. Жәбірленуші сотқа айыпталушыға шағымы жоқ екенін мәлімдеген. 

– Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан. Оның әрекеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру") бойынша сараланды. Бұл бап бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – делінген хабарламада. 

Ал қылмысты алкогольдік мас күйінде жасау – жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды. Сот ер адамды 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде өтеуге үкім шығарды.