$ 494.87  520.65  4.91

Елбасы аграрлық сала өкілдерін сынға алды

Алматы облысына барған іс-сапары барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Жерұйық - Талдықорған» АӨК» ЖШС-нде болды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдегендей, Мемлекет басшысына нысанды аралау барысында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуы,  кәсіпорынның жұмысы мен жоспарлары жөнінде баян етілді. Сондай-ақ, Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру, сақтау және сатумен айналысатын кешеннің жұмысы таныстырылды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен әңгімелесіп, мемлекет ұдайы дамуына көңіл бөліп отырған осы саланың маңыздылығын атап өтті.

Бұл орайда Мемлекет басшысы аграрлық сала өкілдерінің ішкі нарықты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай отырғанына тоқтала келе, саланың бірқатар кемшіліктерін атап көрсетті. Қазақстан Президенті инновациялық жобалардың жоқтығына мән бере отырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерінің тиімділігі жеткілікті деңгейде емес екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік жиынтық өнімнің 65 пайызын облыстың тек екі  ауданы – Іле және Қарасай ауданы ғана қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.

— Мемлекет өңір үшін қажеттінің бәрін жасауда. Субсидия, лизингке техникалар берілуде, жалпы қаржыландырудың 75 пайызын мемлекеттен аласыздар. Сөйте тұра сіздердің тараптарыңыздан ешқандай бастама жоқ, ал қолда бар мүмкіндіктер пайдаланылмайды. Қазір Ресейге көкөніс пен жеміс-жидек жеткізуге, сол арқылы табыс табуға болар еді, алайда бұл бағыттағы жұмыс нашар жүріп жатыр, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мақсатсыз пайдаланылып жатқан жер учаскелерін анықтау үшін ревизия жүргізу қажеттігін айтты.

—Жерді шын мәнінде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға, өсірілген өнімнен пайда табуға мүдделілерге берген жөн, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде аграршылар ескертулердің орынды екенін айтып, саланы дамытуға бар күш-жігерлерін жұмсауға уәде берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары