Әйел депутаттық мандатын тапсыру ниеті жоқ екенін ерекше атап өтті.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың тоқалы делінген Түркістан облыстық маслихатының 25 жастағы депутаты Нұрайым Шақимерген әлеуметтік желіде өзіне жала жапқандарды сотқа беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Журналист Айдос Тұрғанға берген сұхбатында Нұрайым Шақимерген алғаш рет әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланған депутат Темір Қырықбаевпен қарым-қатынасына қатысты ақпаратқа ашық пікір білдірді. Шақимергеннің айтуынша, желідегі тараған ақпарат оған қысым көрсетудің бір түріне айналған. Ол болып жатқан жағдайды кибербуллинг деп бағалап, өзін саясаттан шеттетуге бағытталған әрекет деп санайды.
Әйел депутаттық мандатын тапсыру ниеті жоқ екенін ерекше атап өтті.
“Бұл ақпаратты таратқан адам, мені қызметінен кетіп, мандатын тапсырады деп ойлаған шығар. Бірақ мен бұл орынға халықтың дауысымен, қарапайым азаматтардың қолдауымен келдім, енді шегінуге жол жоқ. Мұны кибербуллинг деуге болады. Алға қарау керек”, – дейді Нұрайым Шақимерген.
Әйелдің айтуынша, облыстық мәслихат депутаттары жалақы алмайды. Ол көптеген қазақстандықтардың жергілікті депутаттар бюджетті өздері басқарады деген жаңсақ пікірде екенін айтты.
“Облыстық мәслихат депутаттары жалақы алмайды, бұл қоғамдық жұмыс. Бірақ адамдар көбіне “егер депутат болсаң, демек бүкіл бюджет сенің қолыңда” деп ойлайды. Мүмкін, біреулер менің орнымды өз мақсаттарына пайдалану үшін тартып алғысы келіп отырған шығар. Әлде біреу бұл орынға өз қызын немесе ұлын отырғызғысы келетін болар. Бірақ мандат – жеке мүддеге емес, халыққа тиесілі”, – деді депутат.
Журанистің “Осы жаста қалай депутат болдыңыз?” деген сұрағына Шақимерген бұл мақсатқа жасөспірім кезінен-ақ ұмтылғанын айтты.
“2006 жылы әкем қайтыс болды. Анамның қолында мен және екі кіші інім қалдық. Біз бала кезімізден-ақ өмірдің қиындығын, еңбексіз ештеңеге жету мүмкін еместігін түсініп өстік. Мен депутат болдым десем, бұл ең алдымен табандылығымның арқасы. Теледидарда жұмыс істедім, диктор болдым, филармонияда өнер көрсеттім, кейін университетте ректордың көмекшісі болдым. Мен бай отбасынан емеспін. Мені расында да халықтың өзі сайлады – көп дауыс жинадым. Мен сайлауға “Аманат” партиясынан емес, өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде түстім, қазір де ешқандай партияның мүшесі емеспін”, – деді ол.
Сұхбат барысында Шақимерген мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевқа тұрмысқа шыққанын растады.
Оның айтуынша, олардың қарым-қатынасы сайлаудан кейін басталған, қазір ерлі-зайыптылардың ортақ баласы өсіп келеді.
“Тұрмыс құрғаныма екі жыл болды. Онымен сайлаудан кейін таныстым, ортақ баламыз бар. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Арамызда 15 жас айырмашылық бар, бірақ бұл бізге кедергі емес”, – деді депутат.
Шақимерген өзіне депутаттықтың “сыйға берілгені” туралы сыбыстарды қисынсыз деп атады. Сондай-ақ әйел өзіне қатысты жалған ақпарат таратқандарға қарсы сотқа шағым дайындап жатқанын мәлімдеді.
“Ақпарат өте көп, бәрі сотта анықталады. Мен сот процесі ашық форматта өткенін қалаймын, блогерлер мен журналистер кімнің кім екенін көрсін. Мен сияқты өз жолын тапқан жастарда осындай жағдайлар қайталанбасын. Қазақстанның әділ сотына сенемін. Бұл жолы мәселе тікелей менің жеке басыма қатысты”, – деді Шақимерген.