Бұл шешім қала тұрғындарының қыс мезгілінде жолдардың нашар жағдайына қатысты көптеген шағымнан кейін қабылданған.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары жолдарды уақытылы тазаламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл шешім қала тұрғындарының қыс мезгілінде жолдардың нашар жағдайына қатысты көптеген шағымнан кейін қабылданған.
«Талғар қаласының аумағындағы көше-жол желісін қыс мезгілінде тиісті деңгейде ұстау талаптарының орындалмауы, яғни жолдарды қар мен мұздан уақытылы тазаламау, көлік қозғалысы үшін қауіпсіз жағдай жасамау және жол инфрақұрылымын күтіп ұстау нормаларын бұзу фактілері бойынша қала әкімі мен оның орынбасары Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 631-бабы 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды», – делінген полицияның хабарламасында.
Сонымен қатар «Тұрғын Үй» және «Алматы жолдары» мердігерлік компаниялары да әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полиция департаментінің мәліметінше, аталған компаниялар жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстау жөніндегі келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған. Осыған байланысты олар ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 1-1-бөлігі бойынша жазаланған.