Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ.
Түркістан облысының Созақ ауданында полицей 100 мың теңге пара алғаны үшін 7 жылға қамалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Полиция қызметкері жүргізуші әйелді мас күйінде рульге отырды деп күдіктеніп, жауапқа тартпау үшін пара талап еткен. Осы қылмысы үшін Алға аудандық полиция бөлімінің қызметкері сот алдында жауап берді.
Ол әріптесімен бірге «Ақтөбе-Астрахань» тасжолында патрульде жүрген. Алға қаласына кіреберісте «Hyundai Accent» автокөлігін тоқтатып, рульде отырған әйелден алкогольдік ішімдік ішті деп күдіктенген. Полиция қызметкерлері оған қызметтік көлікке отыруды сұрап, медициналық тексеруге апаратынын айтқан.
Ақыры Алға аудандық ауруханасы маңында 28 жастағы полицей жүргізушіден 100 мың теңге пара алған. Тергеу дерегінше, осы ақша үшін ол медициналық сараптама жүргізбеген және алдағы уақытта ұқсас жағдайлар қайталанса, шара қолданбайтынын айтқан. Параның 45 мың теңгесі оның үйінен табылды.
Алайда айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Оның айтуынша, жүргізуші өзі виски ішкенін мойындаған, бірақ одан алкоголь иісі шықпаған. Әйелге тексеруден өту керектігі түсіндірілген, егер бәрі дұрыс болса, босататынын айтқан.
Ауруханада дәрігер болмағандықтан, сараптама кейінірек жасалған. Қорытындысы бойынша, әйел мас емес болған. Айыпталушы ақша алмағанын, купюралардың пәтерінен қалай табылғанын түсіндіре алмағанын, тінту кезінде өзіне қастандық жасалғанын айтып, соттан өзін ақтауды сұрады.
Жүргізуші әйел сотта таңертең аздап мартини ішкенін, бірақ рульге мас күйінде отырмағанын айтты. Ол – жалғызбасты ана, күнкөрісін тауар тасымалдаумен табады. Қорқып, жүргізуші куәлігінен айырылып қалмау үшін ескерту берумен шектелуді сұраған.
Содан кейін ол полицейден «проблеманы шешу үшін қанша керек?» деп сұрағанда, телефонына «100» деген санды теріп көрсетіп, ақша табуға бір сағат уақыт берген.
Әйел сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке пара талап еткені туралы хабарлап, мобильді қосымша арқылы арыз жазған. Кейін банкоматтан ақша шешіп, купюраларды суретке түсіріп, антикор қызметкеріне жіберген. Медициналық сараптама нәтижесі оның мас емес екенін дәлелдеген.
Осы қорытындымен ол полицейдің қызметтік көлігіне отырып, оның нұсқауымен ақшаны бардачокқа салған. Полицей оған: «Енді саған барлық жерде жасыл түс» деп айтқан.
Сот жүргізушінің айтқаны шындық екенін, полицейдің шын мәнінде 100 мың теңге пара талап еткенін анықтады.
Нәтижесінде іс айыптау үкімімен аяқталды: 28 жастағы полиция қызметкері 7 жылға бас бостандығынан айырылды, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сондай-ақ сот үкімімен ол зардап шеккен әйелге адвокат шығындары үшін 1 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.