19.08.2014, 11:09

Қаламгер Қалиқан Ысқаққа туған жерінде ас берілді

Сурет: altaynews.kz

Шығыс Қазақстан облысында Қалиқан Ысқақтың  рухына бағышталып ас берілді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, облыс басшысы ұйытқысы болып орталық мешітте жазушы, кинодраматург, ҚР   Мемлекеттік  сыйлығының лауреаты, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері - Қалиқан Ысқақтың рухына бағыштап құран оқылды. Асқа өңірдің ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері,облыстың барлық аудандары мен қалаларынан келген меймандар қатысты.

— Тарихта ықылым заманнан түркілердің алтын бесігі болып саналатын Алтайдың көз тұндырар сұлу табиғаты жазушы қиялына қанат бітіріп, қаламына қуат сыйлады. Қарап отырсаңыз, жазушы шығармашылығының алтын арқауы да - қасиетті де киелі Алтай. Қазақ прозасында Қалихан Ысқақ пен Алтай ажырамас егіз ұғымға айналғалы қашан. Қазақ жазушыларының арасында Алтайды ең алғаш суреттеп, жырлаған да Қалихан Ысқақ болатын. (...) «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп  Ұлы Абай айтқандай, көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан Ысқақтың екінші ғұмыры енді басталды, — деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабырғасы қайысқан жұртқа басу айтты.