14.11.2025, 12:50

Қытай шекарасындағы «Нұр жолы» бекетінде хаос: Жүргізушілер бес күн бойы тоңып, жүк шіріп жатыр

Фото: видеодан скриншот

Уәде етілген 1000 автокөліктің орнына күніне 700–750 ғана машина қабылдап жатыр.

Қазақстан-Қытай шекарасында жағдай тағы ушығып барады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Нұр жолы» кеден бекетінде мың жарымнан астам жүк көлігі қақаған суықта бесінші тәуліктен бері тапжылмай тұр. Олардың айтуынша, кеден қызметіндегі әрекеттер тек транзитті емес, елдің беделін де күйретіп отыр. Комитеттің түсіндіруінше, кептеліс Қытай тарапының өткізу қабілетінің төмендеуінен басталған – уәде етілген 1000 автокөліктің орнына күніне 700–750 ғана машина қабылдап жатыр. Бұған «Қалжат – Дулаты» бекетіндегі монтаж жұмыстары қосылып, бірқатар көлік ағыны амалсыз «Нұр жолына» бұрылған. Алайда жүргізушілер мәселе бұнымен бітпейтінін айтады.

«Заманауи рентген бар, жүктің бәрін экраннан көруге болады. Бірақ соған қарамастан, фураларды ашқызады. Суықта тауар бұзылады, біз тоңазытқышты өшіре алмаймыз. Жанар-жағармай орасан көп кетіп жатыр», – дейді олар.

Көп көліктің дизелі таусылуға жақын. Шекарадағы кезек Шолақайдан бастап 50 шақырымға дейін созылған. Электронды кезек «қатып» қалған, бронь жұмыс істемейді, ал кеден қызметкерлері ештеңе түсіндірмей отыр. Жүргізушілер күндіз-түні кабинада түнеп, гигиеналық жағдайсыз қалып отыр.

«Салқын күнде тез бұзылатын өнімдерді ашық тексеру – тасымалдаушылар үшін өліммен тең. Президент транзитті дамыту қажеттігін айтқанда, кеденшілердің мұндай бейберекетіне кім жауап береді?» – деп наразы жүргізушілер.

Қазақстан-Қытай шекарасындағы бұл жағдай тек логистиканы емес, экспорттаушылар мен импорттаушылардың да қалтасын күйдіріп отыр. Тауар бүлінеді, кәсіпкерлер шығынға батады, ең сорақысы – мәселені шұғыл шешетін жауапты орган көрінбейді.