15.11.2025, 10:30

Бүгін ұлттық валюта күні

Фото: Pixabay

1995 жылғы 19 мамырда Қазақстанда Банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды.

Қазақстанда 15 қарашада Ұлттық валюта күні аталып өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.   Теңгенің тарихы 1993 жылғы 3 қарашадан бастау алады. Дәл осы күні ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылған болатын. 1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа төлем бірлігіне айналды.

Алғашқы банкноталар Англияда басылып шықты

1995 жылғы 19 мамырда Қазақстанда Банкнота фабрикасы ресми түрде ашылды. Қаражат үнемдеу үшін Банкнота фабрикасына жаңа ғимарат салмай, оның орнына «Гидромаш» АҚ зауытының бір корпусын жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды.

1995 жылы фабрикадан 83 миллионнан астам банкнота шығарылды, келесі жылы 104 миллионнан астам банкнота басылды. 1997 жылы Банкнота фабрикасы Қазақстан Республикасы азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін де шығара бастады.

Қазақ валютасын бейнелеген дизайнерлерлер — Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер.

«Теңге» – тарихи атау. Орта ғасырда түркілердің күміс монеталары «денге» немесе «таньга» деп аталған. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынған еді.

Сарапшылар ұлттық валюта атауын таңдауда үлкен тартыс болғанын, «алтын», «ақша», «таньга» (тенга) нұсқаларынан бөлек «сом» деп атау да ұсынылғанын айтады. Себебі КСРО банкноттарында рубль қазақ тіліне аударылғанда осылай аталған екен.

Атап өтерлігі, ең үлкен қағаз ақша — 20 000 теңге 2015 жылы Ұлттық банк теңге бағамын «еркін ағымға» жібергеннен кейін жарық көрді.

Цифрлық теңге

ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі ұсынған деректерге сүйенсек, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатып, «Цифрлық теңгенің» пилоттық жобасын жүзеге асырып шыққан.

Қаржы нарығына қатысушыларды және басқа да мүдделі тараптарды кеңінен тарту мақсатында 2022 жылы маусымда Қазақстанда ұлттық цифрлық валютаны енгізу мәселелерін бірлесіп зерттеу үшін барлық мүдделі тараптарды біріктіретін Digital Tenge Hub коллаборативті алаңы іске қосылды.

2023 жылы Цифрлық теңгені енгізудің бірінші кезеңін іске асыру кезінде екінші деңгейлі банктермен және халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп ұлттық цифрлық валюта платформасын пилоттық пайдалануға енгізілді, сондай-ақ цифрлық теңгенің функционалдығына қатысты гипотезаларды тексеруге арналған зерттеулер жасалды. Қойылған мақсаттарға жету үшін ЦТ платформасының екі тізбегі құрылды – өнеркәсіптік және тәжірибелік («R&D контур» немесе «технологиялық құмсалғыш» деп те аталады).

2023 жылы 15 қарашада цифрлық теңге тұғырнамасын индустриялық контурда енгізудің бірінші кезеңі іске қосылды. Алматы қаласы әкімдігімен және «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп мектептерде тегін тамақтандыруға арналған «цифрлық ваучерлердің» пилоттық жобасы іске қосылды. Сонымен қатар, Халықаралық төлем жүйелерімен және 4 екінші деңгейлі банкпен бірлесіп, Орталық банктегі цифрлық шотқа қосылған әлемдегі алғашқы банк карталары іске қосылды. Бұл азаматтарға Орталық банкте әлем кез келген жерінде жұмсауға, қолма-қол ақша алуға және операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Сақ стилі» жаңа банкнота сериясы дизайнының тұжырымдамасы 2022 жылы әзірлене басталды. 2023 жылғы 15 қарашада банкнота сериясы ресми түрде таныстырылды. Ал 5 000 теңгелік алғашқы банкнота 2023 жылғы 25 желтоқсанда айналымға шықты. Серияны әзірлеген кезде отандық және шетелдік ғалымдардың, археологтардың, антропологтардың, этнографтардың, суретшілер мен реставраторлардың көптеген еңбегі мен материалы зерттеліп, қолданылды. Банкноталардың жаңа сериясы ежелгі көшпенділердің дүниетанымындағы ерекшеліктерді, олардың табиғатпен және жануарлар әлемімен байланысын бейнелейді. Сондай-ақ «Сақ стилінің» бірегейлігін айқындап, ұлт мәдениеті мен тарихын зерттеуге деген қызығушылықты оятуға арналған.

Қазақстан Ұлттық банкі әлемдік тәжірибеде алғаш рет банкнотаға екі түсті микрооптикалық қорғаныс жіптерін енгізді. Бұл қорғаныс элементі банкнотаны ары-бері аударып қарағанда, екі түс өзара әрекеттесіп, динамика әсерін тудырады. Мұндай элементті тек қағаз немесе гибридтік субстрат негізінде жасауға болады, яғни материал полимерлік емес болуы керек.

Сонымен қатар, банкноталардың дизайнында жарқын әрі есте қалатын 3D әсерін, сондай-ақ үш өлшемді қорғаныс элементтерін қалыптастыратын оптикалық өзгермелі голографиялық элементтер қолданылды. Бұл элементтер банкноталардың «Сақ стиліндегі» дизайнын толықтырып тұр. Жаңа сериядағы банкноталардың дизайнында банкноталарды жарамды немесе тозған деп сұрыптау үшін қолданылатын касса техникасының алгоритмдері де ескерілген. Сондай-ақ, жаңа банкноталарда серия нөміріндегі әріптер мен сандардың биіктігі бірдей (алдыңғы серияларда әртүрлі өлшем қолданылған). Бұл банкноталарды жоғары жылдамдықта өңдейтін жүйелерді барынша дәлме-дәл етеді.