Трамппен Орталық Азияның президенттері кездескенде Қазақстанның президенті көзге көрінді
"Qasqa Jol" YouTube арнасы өзінің кезекті шығарылымында танымал сарапшы, шығыстанушы Жанат Момынқұлов Президенттің өткен аптадағы Ұлы державаларға іс-сапары туралы кеңінен баяндады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сарапшының сөзінше Америкадағы Мемлекет басшысының іс-сапары өте сәтті, жоғары деңгейде өтті.
“Геосаяси жағынан еліміз үшін маңызды апта болды. Президентіміздің мамандығы дипломат болғандықтан өз өнерін өте жақсы көрсетті деп ойлаймын. Себебі 1 аптада әрі Америкамен, әрі Ресеймен кездесу өткізу оңай шаруа емес. Жемісті, нәтижелі болған сияқты. Біздің геосаясаттағы мәртебеміз өсіп, жаңа бір деңгейге шыққан сияқтымыз. Америка президентімен Орталық Азияның президенттері кездескенде Қазақстанның президенті көзге көрінді. 40 минут кездесудің жартысы Тоқаев пен Трамптың арасында өтті деуге болады. Тікелей ағылшын тілінде, 17 миллиард долларға, 3,2 және 2,7 миллиарды цифрлық даму бойынша, одан кейін мектептерде GPT білім жүйесін орнату бойынша, сапалы тракторларды сатып алу бойынша келіссөздер жасалды", - деді ол.
Қазақстанның Америкамен тұралап қалған қарым-қатынасы да қайта жанданды.
"Сонымен қатар вольфрам минералы бойынша. Алдағы 20 жылға Америка өзін минералдармен қамтамасыз етіп алды десе де болады. Бұл біздің шығысқа жылжыған саясатымызда тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін шаралар. Лидерлердің арасында сенім артты. 90-жылдарда Назарбаевтың кезінде Америкамен қатты жақын болды. Содан бері қатынастар біраз үзіліп қалған болатын. Тоқаевтың бұл үлкен қадамы сыртқы саясатымыздағы теңгерімді сақтауда өте маңызды. Тек қана Қазақстан емес, Орта Азияның әлемдегі маңызы артып келе жатыр. Орталық Азия оқшау жатыр, сондықтан ашылу керек. Ірі державалардың көздегендері тек қана минерал емес. Минерал ол екінші, үшінші себеп сияқты жай ғана."
Момынқұлов сондай-ақ Авраам келісімі де үлкен маңызға ие екенін ашық айтты.
"Қазақстанның Авраам келісімдеріне кіріуі де оның Орталық Азия елдерінің ішінде көшбасшы ел екенін көрсетті. Әр Орталық Азияның президенті өзін көрсетіп қалуға тырысты. Бізге ең қажет нәрсе-логистикалық жолдарды шешіп алу. Ірі державалардың арасындағы талас-тартыс сол жолдардың төңірегінде болады”, - деді сарапшы.