$ 521.01  603.43  6.42

«Нәтиже көріп отырған жоқпыз»: Бектенов Жетісайдағы өрттен кейін министрлер мен әкімдерге нақты тапсырма берді

Үкіметтің атынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысының Жетісай ауданы Алғабас ауылында он екі адам ажал құшқан өрттен кейін министрлер мен әкімдерге бірнеше тапсырма берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Әріптестер, кеше Түркістан облысының Алғабас ауылында қайғылы жағдай орын алғанын білесіздер.  Үкіметтің атынан қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өрттің себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына  барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетіледі», - деді Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министр жылу беру маусымы басталғалы бері тұрғын үй секторында өрт оқиғалары өсіп бара жатқанына назар аударды.

«Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Төтенше жағдайлар министрлігіне өртті болдырмау, адамдардың өмірін сақтау мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысын тиісті деңгейде үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Өңір әкімдіктерімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп,  тұрғын үй секторын,  әсіресе жатақханалар мен хостелдерді, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін аралап, рейдтер жүргізу қажет. Мәдениет министрлігі мен әкімдіктер  барлық масс-медиа мен әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жандандырсын. Өңір әкімдіктері газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануға бағытталған алдын алу шараларын жүргізу бойынша газ-техникалық инспекцияның жұмысын күшейтсін», - деп тапсырды Үкімет басшысы.

Бектенов осы жағдайдан дұрыс қорытынды шығарып, алдағы уақытта ондай оқиғаларға жол бермеу үшін  нақты ұсыныстар әзірлеуді керек екенін атап өтті.

Естеріңізге салайық, 18 қараша күні сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жер үй өртке оранып, он екі адам, соның ішінде тоғыз бала қаза тапты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары