Ата-бабаның сөзін қайталаудан шаршамайды, өз ойы жоқ па екен?
Кеше Түркістан облысы, Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында болған алапат өрт 12 адамның өмірін жалмады. Қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың 9-ы – бала. Ел қабырғасы қайысып, қара жамылып отырған сәтте Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров әлеуметтік желідегі парақшасында «Ұлына ақыл айту» форматында жазба жариялап, жұрттың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутат өз жазбасында «Құтты біліктен» үзінді келтіріп, ұлына былай деп үн қатқан:
«Әй, ұлым, айналаңа ізгілік қыл. Жамандықтан аулақ жүр. Ізгі амал арқылы өзіңді жамандықтан қорғайсың. Жаман адамдарға жолама — олар сені қор етеді. Екіжүздіге сыр ашпа, сөзің шартарапқа тарайды. Өсекшіні үйіңе жолатпа, көрген-түйгенін елге жайып жүрер. Барлық сөзді тыңда, бірақ тез сеніп қалма. Көңілің мен сырыңды берік сақта». Ол мұны Айтолдының «Құтты білікте» ұлына айтқан өсиеті екенін жазған.
Алайда дәл осындай қасіретті күні «ақыл айтуға» көшкен халық қалаулысының бұл әрекеті көпшіліктің ашуын келтірді.
Әлеуметтік желі белсендісі Сәбит Рысбаев:
«Бүгін елде 12 адам өрттен қаза тапты. Ал біздің депутаттың жазып отырған посты – мынау», – деп пікір білдірді.
Көпшілік те Назаровтың әрекетін қолайсыз деп бағалап, сынның астына алды:
«Мандатын қайтартып алатын механизм жоқ па?», «Ақыл айтуға шебер, бірақ жағдаймен санаспайды», «Ата-бабаның сөзін қайталаудан шаршамайды, өз ойы жоқ па екен?», «Осындай қаралы сәтте басқа тақырыпты қозғамай-ақ қойса болар еді. Қазақстанда депутат болып, әсіресе AMANAT арқылы тағайындалудан асқан рақат жоқ шығар…» — деген секілді пікірлер қалдырған.