$ 521.01  603.43  6.42

Ерлер жаппай декретке кете ме? депутаттар әкелердің еңбек өтілін есептеу нормасын талқылады

Заң жобасын әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов таныстырды.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Мәжілісте еңбек заңнамасын жетілдіруге бағытталған заң жобасы қаралып, бала күтімімен үйде отырған әкелердің еңбек өтілін аналармен бірдей есептеу мәселесі көтерілді. Бұл норма қоғамда қызу пікір тудырып отыр.

Заң жобасын әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов таныстырды. Депутат Олжас Құсбеков құжатта жұмыс істемей, баласын қарап отырған әкелердің өтілі еңбек стажына қосылатынына назар аударып, оның ықтимал салдары туралы сұрақ қойды.

«Қазір бұл құқық тек аналарға ғана берілген. Енді норманы қабылдасақ, әкелердің, әсіресе әскери қызметшілер мен мемлекеттік қызметкерлердің жаппай декретке кетуіне себеп болмай ма?» – деді депутат.

Бұл мәселе бұған дейін Конституциялық соттың шешімімен де көтерілген. Сот жаңадан туған баласын анасының денсаулығына байланысты өзі бағып отырған әкенің өтілі есептелмеген жағдайды қараған. Сот ата-ананың екеуі де тең құқылы екенін және бала күтіміндегі уақыт жұмыссыз болған жағдайда екі жақ үшін де еңбек өтіліне есептелуі тиіс екенін нақтылаған.

Аймағамбетов депутат сауалына жауап бере отырып, заң бойынша әкелердің декретке шығу құқығы бұрыннан бар екенін, алайда еңбек өтілін есептеуде дискриминация болғанын атап өтті.

«Анасы жұмыс істеп жүріп бала қараса – өтілі есептеледі. Әкесі декретке шықса – есептелмейді. Бұл – әділетсіздік. Жаңа норма осы теңсіздікті жояды», – деді ол.

Министр көп ер адамның декретке жаппай кетуі екіталай екенін де айтты.

«Кім шығуы керек болса – әлдеқашан шықты. Сондықтан бұқаралық үрдіс байқалмайды. Бұл тек құқықтарды теңестіреді», – деді Аймағамбетов.

Мәжілісте сонымен қатар жалақыны міндетті индексациялау мәселесіне қайтып оралу мүмкіндігі де талқыланды. Депутаттар бұл норманы заңмен бекітуді ұсынған, алайда Үкімет қолдамаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары