Бұл — банктердің өздері жасаған салдары.
Қазақстанда соңғы айларда қалыптасқан несие нарығының ахуалы қарапайым азаматқа ғана емес, экономистерге де үлкен сұрақ тудырып отыр. Статистика ипотекалық қарызға деген сұраныстың азайғанын, ал автокредитке қызығушылықтың керісінше артқанын көрсетеді, деп хабаралайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бірақ бұл өзгерістің сыртында банктердің өз саясаты, реттеуші шешімдерге «реакциясы» және қазақстандықтардың қаржылық мүмкіндігінің әлсіреуі тұр.
Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша Ұлттық банк таратқан деректер қоғамда жаңа талқы бастаудың негізін қалап берді. Ипотека қолжетімсіз болып барады, автокредит жеңілдеп кеткен сияқты көрінеді, ал банктер расында халыққа тиімді өнім ұсынудан гөрі реттеушінің қадағалауынан айналып өтуді көбірек ойлайтын секілді.
Ипотекаға сұраныс неге құлдырады? Банктер неге «жаппай тоқтатты»?
Ұлттық банк мәліметі бойынша, ипотекалық несиелерге сұраныс төмендеп, мақұлдау деңгейі 23%-ға дейін түсіп кеткен. Бұған негізгі себеп — ЖТСМ шекті мөлшерін 25%-дан 20%-ға дейін төмендету жоспарлары.
Жай ғана «жоспар» болды - ал банктер бірден ипотека беруді тоқтатуға асықты.
Экономист Нұрдәулет Ермағанбетов жағдайды былай түсіндіреді:
«Банктердің ипотеканы жаппай тоқтатуы — халықты қорғау емес, өз табысын қорғау. ЖТСМ төмендесе, олар бұрынғыдай жоғары маржа ала алмайды. Сондықтан олар нарықта жасанды тапшылық туғызды. Бұл шешім жүздеген отбасының үй алу жоспарын кейінге ысырып жіберді», – дейді сарапшы.
Шынында да, ЖТСМ төмендету кейінге шегерілгенімен, банктердің ипотека беру қарқыны бәсеңдеп қалды.
Бірақ қызығы — өтінімдер саны 19%-ға артып, 288 мыңға жеткен. Яғни халық үй алуға әлі де ынталы, тек банктер мақұлдауға асықпай отыр.
Бұл жерде басты қиындық – жоғары пайыздық мөлшерлеме емес, банктердің реттеушінің әр шешімін өз мүддесі үшін пайдалану дағдысы. Бұл үй нарығындағы теңгерімсіздікке ықпал етіп отыр.
Қарама-қайшылық: ипотека қол жетпейді, бірақ мәмілелер саны азайған жоқ
Тұрғын үй сату-сатып алу мәмілелерінің саны қазан айында бар болғаны 0,1%-ға ғана азайды. Жылдық өсім – 5,4%. Демек, халық үй сатып алып жатыр, бірақ банктен емес.
Қаржы сарапшысы Айсұлу Қалиева осы үрдіске ерекше назар аударады:
«Банктер ипотеканы шектеген сайын тұрғын үй нарығында делдалдар күшейеді. Халық несие ала алмаған соң, бөліп төлеу арқылы немесе жеке шартпен сатып алуға мәжбүр. Бұл қаржы жүйесінің емес, саудагерлердің пайдасына жұмыс істеп тұр», – дейді ол.
Яғни ипотеканың қолжетімсіздігі үй бағасын түсірмей, керісінше көлеңкелі айналымды күшейтеді. Бұл — банктердің өздері жасаған салдары.
Автокредит: халыққа тиімді ме, әлде банктерге табыс көзі ме?
Ипотека тоқтап тұрғанда, автокредитке сұраныстың өсуі түсініксіз көрінуі мүмкін. Алайда мұның себебі қарапайым: автосалондардың субсидияланған бағдарламалары.
Жыл басында іске қосылған бағдарламалар кеш әсерін беріп жатыр. Автокредитке өтінім саны – 1,52 млн. Орташа көлем – 6,9 млн теңге.
Экономист Нұрдәулет Ермағанбетовтың айтуынша:
«Автокредит — банктер үшін ең табысты сегменттердің бірі. Сыйақы жоғары, тәуекел төмен, автосалон субсидия береді. Сондықтан банктер ипотекадан қашса да, автокредитті қуана ұсынады. Өйткені ол жерде табыс маржасы әлдеқайда жоғары».
Шын мәнінде, автокредит қолжетімді болып тұрғандай көрінгенімен, ол да қазақстандықтардың борыштық жүктемесін арттыра түсуде.
Кепілсіз қарыз алу қиындады, бірақ банктер табысынан қысылған жоқ
Кепілсіз несиелер бойынша жаңа талаптар енгізілгеннен кейін өтінімдер саны 6%-ға азайса да, орташа несие көлемі 7%-ға өскен.
Бұл халықтың қаржылай қысылғанын көрсетеді — аз адам несие алады, бірақ алғаны бірден ірі соманы сұрайды.
Қаржы сарапшысы Айсұлу Қалиева бұл үрдіске алаңдайтынын жасырмайды:
«Кепілсіз несиеге қойылған жаңа талаптар дұрыс, себебі халықтың қарызға белшесінен батуы қауіпті еді. Бірақ банктер бұны да айналып өтудің жолын табады. Мысалы, қосымша комиссия енгізу, сақтандыруды міндеттеу, жасырын төлемдер — бәрі табысты көбейту үшін жасалады», – дейді сарапшы.
Шын мәнінде, реттеуші қадамдар халықты қорғауға бағытталғанымен, банктер әрдайым жаңа табыс көзін табуға тырысады.
Бизнеске несие: ірі компанияларға жол ашық, ал шағын кәсіпкер әлі де күресіп жүр
Ірі бизнеске өтінім саны 19%-ға артқан. Бұл — экономикалық белсенділіктің қалпына келе бастағанының белгісі. Бірақ шағын кәсіпкер үшін жағдай өзгеріссіз: құжат көп, талап қатаң, ал мақұлдау көрсеткіші небәрі 36%.
Шағын бизнес сегментінде банктердің талапты күшейтуі оның дамуына кедергі келтіреді. Екінші жағынан, банктер тәуекелден қорқады.
Экономистің пікірі мынадай:
«Шағын бизнеске несие беру банктер үшін ең тиімсіз. Себебі тәуекел жоғары, ал сомалар салыстырмалы түрде кіші. Сол үшін банктер шағын кәсіпкерге емес, ірі компанияға жұмыс істегенді жөн көреді», – дейді Нұрдәулет Ермағанбетов.
Бұл еліміздегі бизнес құрылымындағы тұрақты қайшылық.
Төртінші тоқсанда не болады? Банктердің бағыты белгілі
Ұлттық банк деректері бойынша алдағы тоқсанда ипотека, автокредит және кепілсіз несиеге сұраныс аздап төмендеуі мүмкін. Бірақ негізгі мәселе сұраныста емес.
Мәселе банктердің өз саясаты мен пайда қуушылығында.
Экономистердің пікірінше, пайыздық мөлшерлемелерді көтеру банктерге тағы да артық табыс береді, ал қарапайым халық үшін қарызды қайтару қиындай түседі.
Қаржы сарапшысы Айсұлу Қалиева соңында былай дейді: «Банктер экономиканың жүрегі емес, табысқа жұмыс істейтін жүйе екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан мемлекет тарапынан нақты бақылау күшеймейінше, халықтың жағдайы жақсарады деп айту қиын».
Қазақстандағы несие нарығы бүгінгі күні халықтың қаржылық әлсіздігін айқын көрсетіп тұр.
Ипотека қолжетімсіз, автокредит қолжетімді болып көрінгенімен, оның артында банктердің маржалық пайдасы тұр.
Кепілсіз несиеге қатаң талаптар қойылса да, банктер табысын жоғалтпайтын жаңа жол табады.
Бизнеске берілетін несиелерде де теңгерімсіздік бар — шағын кәсіпкерге жүктеме көп, ірі компанияға жеңіл.