26.11.2025, 18:40

«Квартираға барып демалайық»: Атышулы Талғарда 60-тағы шал оқушы қызға тиіспек болған

Фото: видео скриншот

Кешке оқиғаны естіген анасы полиция шақырған.

Талғар ауданында 15 жастағы қызға қатысты күдікті әрекет тіркелді. Бұл туралы журналист Тоқтар Жақаш әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, Талғар ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алу мәселесі әлі де өзекті болып тұр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Оқиға Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесағаш ауылындағы «Алматау» тұрғын үй кешенінде күндізгі шамамен 15:30–16:00 аралығында болған. Мектептен қайтып келе жатқан 15 жастағы оқушы қыз подъезге жақындағанда, 60 жастан асқан ер адам оған күдікті түрде жақындап, мойнынан құшақтауға әрекет жасаған. Қорыққан қыз оны итеріп, подъезге кіріп кеткен. Алайда ер адам оның артынан еріп келіп, белінен ұстап, «пәтерге бірге барайық» деген мазмұнда ұсыныс айтқан. Жасөспірім қыз ер адамның қолынан әрең босап, үйіне кіріп үлгерген.

Кешке оқиғаны естіген анасы полиция шақырған. Журналистің жазуынша, оқиға орнына келген учаскелік инспекторлар күдікті адамның пәтеріне барғанымен, оның туыстары қыздың анасына қарсылық көрсетіп, ауызша намысқа тиетін сөздер айтқан», — деп жазды Тоқтар Жақаш.

Арызданушы тараптың айтуынша, учаскелік полицейлер қыз зорланбағанын алға тартып, арызды тіркеуге асықпаған.

«Ал қыз бен оның анасында тұрғын үй кешенінің бейнебақылау камераларынан алынған дәлелдер бар екені айтылды. Кадрларда ер адамның подъезд алдында қызды құшақтағаны көрінеді.

Соған қарамастан, журналист мәліметіне сәйкес, Талғар аудандық полициясы қылмыстық істі әлі тіркемеген.

Қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар бұл жағдайға қатысты бақылауды күшейту қажет екенін айтып отыр. Оқиға бойынша прокуратураның араласуы талап етіліп жатыр», — деп қосты ол.