Президент халық қауіпсіздігін күшейтуді, әр азаматтың өміріне құрметпен қарауды міндеттеп отыр. Ал Қарағандыдағы кейбір шенеуніктер бұл талаптарды естімегендей, халық тағдырына селқос қарап отырғаны анық.
Қарағандының Құлаш көшесіндегі 62-үйдің маңы адам шошырлық күйге түсті. Мұнда жаңбыр суын ағызатын жыра тікелей тұрғын үйлердің жанынан өтеді. Арнасы қоршалмаған, бекітілмеген, шеті үгітіліп құлаған. Көктем шықса, мұнда жай су емес, үлкен апат келетіні анық, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғындар бұл қауіппен талай жыл күресіп келді. Бұрынғы ескі көпір тұрғанда жағдай тым болмаса бақылауда еді. Бірақ жақында шақырылған мердігер келіп, көпірді бұзып, топырақты қопарып, бүкіл арнаны ашық-шашық күйінде қалдырған. Ештеңені реттемей, солай тастап кеткен.
Қазір жағдай ушығып тұр:
- балалар терең жыраға құлап кетуі мүмкін;
- қариялар күнде қорқынышпен өмір сүріп отыр;
- алғашқы тасқын басталса, үйлерді су басуы әбден мүмкін.
Ең сорақысы - әкімдік бұл айқайға әлі күнге дейін құлақ асқан жоқ. Келген де жоқ, жағдайды тексерген де жоқ, нақты шара көрмеген.
Президент халық қауіпсіздігін күшейтуді, әр азаматтың өміріне құрметпен қарауды міндеттеп отыр. Ал Қарағандыдағы кейбір шенеуніктер бұл талаптарды естімегендей, халық тағдырына селқос қарап отырғаны анық.
Тұрғындар: «Біреу қаза болғанда ғана қозғаласыңдар ма?» - деп ашулы. Өйткені бүгінгі жағдайда кез келген сәтте қайғылы жағдай болуы мүмкін.
Бұл - «ұсақ кемшілік» емес. Бұл - адам өміріне тікелей қауіп төндіретін нағыз апаттың бастамасы.
Қарағанды халқы әкімдіктен жағдайды жуып-шайғанын емес, апаттың алдын алуды, арнаны бекітіп, қоршау орнатуды, мердігерден нақты жауап алуды талап етіп отыр.