Қостанай облысы, Денисов ауданына қарасты Набережный ауылында тұрғындар он күннен бері сыртқы әлемнен толық ажырап отыр. Ауылға баратын жалғыз жол қазылып, жүргізушілерге «екі күнде жөнделеді» деп уәде берілген. Алайда он күн өтсе де, жұмыстар әлі басталмаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жолдың жабылуы ауыл өмірін тұралатты. Өткел бермейтін ойықтан тек жол талғамайтын көліктер ғана өте алады. Ал жеңіл көлігі жоқ тұрғындар үшін ауылдан шығу мүмкін болмай қалған.
«Егер біреу ауырып қалса не істейміз? Ауруханаға жеткізуге жол жоқ. Бір поселоктың жолын қазып тастап, қайта қалпына келтіруге ешкім асығар емес», — дейді тұрғындар.
Жергілікті халық жауапты органдардан мәселені шұғыл шешуді талап етіп отыр.