01.12.2025, 12:10

Қарағандыда дәрігерге жазылу - азап: Талон жоқ, кезек бітпейді

Фото: видеодан скриншот

Терапевтке жазылу – өз алдына бөлек “квест”.

Қарағанды тұрғыны мемлекеттік поликлиникада ем алудың қандай қиындыққа айналғанын баяндап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, жүйе науқасты емдемейді, қайта шыдамын, жүйкесін, жалпы денсаулығын тағы да сынақтан өткізеді. Алдымен адамда симптомдар пайда болады. Өмірге қауіп төндірмейтін шығар, бірақ дәрігерге қаралу керегін түсінесің. Алайда тар бейінді маманға бірден бару мүмкін емес — ол үшін алдымен учаскелік терапевттің жолдамасы қажет. Бірақ дәл сол терапевтке жазылу – өз алдына бөлек “квест”. Жазылу терезесі тек келесі аптаға ашылады. Яғни бүгін ауырсаң, бір апта бойы белгісіздікпен жүресің. Сол аралықта дәріханадан өз бетіңше дәрі алып, жағдайыңды өзің бақылауға мәжбүр боласың. Ал жазылу күні басталса – нағыз азап. Регистратураға қоңырау шалу мүмкін емес: телефон үнемі бос емес. Қалған амал – поликлиникаға барып, таңмен таласа тірі кезекке тұру. Халық талон саны шектеулі екенін біледі, сондықтан есік ашылғанға дейін бір-екі сағат бұрын келіп қояды. Ұзын-сонар кезекті өткеріп, терезеге жеткенде:

“Талон бітіп қалды. Жазылу жабық” – деген жауап естисің. Автордың айтуынша, ол кардиолог пен эндокринологқа қаралуы керек болған. Бұл — оның созылмалы диагноздары бойынша міндетті түрде өтетін қабылдаулар. Бірақ талон жоқ, қабылдау жоқ. Мұндай жағдайда көпшіліктің қалатын жалғыз жолы – ақылы клиникаға бару. Алайда оны бәрінің қалтасы көтермейді. Сөйтіп, “қолжетімді медицина” тек ақшасы бар адамдарға ғана ашық деген сұрақ өздігінен туындайды. Тұрғынның сөзінше, мемлекеттік жүйе адамды емдемейді, керісінше оның уақытын, жүйкесін, денсаулығын сарқып, төзімін тексеретін тетікке айналған.