04.12.2025, 16:20

Лифт шахтасына құлап кеткен: Маңғыстауда 20 жастағы жігіт көз жұмды

Фото: gov.kz

Қайғылы оқиға 4 қараша күні орын алды. 

Қайғылы оқиға 4 қараша күні Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданына қарасты Бесшоқы ауылында салынып жатқан нысандардың бірінде болған, деп хабарлайды ozgeris.info.

Мердігер оқиға болғанын жасырған, ал ақпарат инспекцияға полицейлердің мәліметі арқылы ғана жеткен.

«Алдын ала деректер бойынша, 20 жастағы жұмысшы алтыншы қабаттан ашық тұрған лифт шахтасына құлап кеткен. Оқиға кезінде құрылыс алаңында кранмен құм толы науа жоғары көтеріліп жатқан. Құм жоғарғы қабатқа камин қалау үшін әк дайындау мақсатында жеткізілген. Науаны еденге қойған кезде жұмысшы қауіпсіз орынға шегінбек болады, алайда аяқ астынан тепе-теңдігін жоғалтып, лифт шахтасына құлап кеткен», – деді Маңғыстау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының қауіпсіздік және еңбекті қорғау заңнамасы бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Кемалов.

Ведомство мәліметінше, жедел жәрдем оқиға орнына 20-30 минутта жеткен. Бірақ көрсетілген көмекке қарамастан, жас жұмысшы көз жұмған.

«Қайғылы оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құрылды. Мамандар оқиғаның мән-жайын, себептерін және еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылған болуы мүмкіндігін анықтап жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қосымша ресми ақпарат беріледі», – деді Бауыржан Кемалов.

Қаза тапқан жұмысшы «Сариев С.Ж.» жеке кәсіпкерлігінің құрамында жұмыс істеген. Бұл ұйым «AN-GroupM» компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешенінде мердігерлік жұмыстар орындаған.