Марқұм әйелім – хайп үшін пайдаланатын нысан емес.
Астанада көпқабатты үйдің қасбеті құлаған сәтте өзгелерге көмек көрсетуге ұмтылып жүріп ауыр жараланып, қайтыс болған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Зейнет Әділет марқұм әйелімен жақын қарым-қатынаста болғандай оның суреттерін жүктеп, жазба жариялауды тоқтатуды сұрады.
“Марқұм әйелім – хайп үшін пайдаланатын нысан емес. Онымен жақын болғандай жазбаға суреттерін жүктеуді тоқтатыңыздар. Лайк жинау немесе жасанды жанашырлық көрсету үшін оның есімін қолдануға сіздердің моральдық құқықтарыңыз жоқ. Біздің қайғымызды, оның қадір-қасиетін және отбасымызды құрметтеңіздер. Тоқтаңыздар. Оны шынымен танып, шын жүректен жақсы көрген жандар ғана оның бейнесін жүрегінде сақтасын, жасанды жазбаларда емес. Бұл сөзім бөгде адамдарға да, кейбір туыстарға да қатысты. Біреудің қасіретін шоуға айналдырмаңыздар”, – деп жазған ол.