Бұл сапар Dala Camp 2025: «Заң және тәртіп» форумында басталған өзара байланыстың жалғасы ретінде ұйымдастырылды.
Астанада «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің республикалық штабында қоғам қауіпсіздігі мен жастар саясатына бағытталған маңызды кездесу өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл - биылғы жастар ортасындағы ең өзекті мәселелерді талқылаған ерекше басқосудың бірі болды. Жиынға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауржан Төлегенұлы Аленов пен ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Амангельдіұлы Саданов қатысты.
Бұл сапар Dala Camp 2025: «Заң және тәртіп» форумында басталған өзара байланыстың жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Аталған форумда министрлік өкілдері жастармен ашық пікір алмасып, «Дала Қырандарының» әлеуметтік жауапкершілік пен тәртіп мәдениетін қалыптастырудағы жұмысына жоғары баға берген болатын. Сол жиында ұйым жетекшілері ІІМ басшылығын штабқа ресми түрде шақырып, серіктестікті жаңа деңгейге көтеру туралы ниетін білдірген еді.
Кездесу кезінде тараптар жастар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу, қауіпсіз орта қалыптастыру және құқықтық мәдениетті күшейту бағыттарын жан-жақты талқылады. Әңгіме барысында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күрес, суррогат алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымын шектеу және қылмыстың алдын алу саласындағы нақты қадамдар сөз болды. Бұл бағыттар таяуда жарияланған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты стратегиялық құжатпен толық сәйкес келетіні атап өтілді.
«Қоғамдық қауіпсіздік - тек полицияның емес, әрбір жастың ортақ жауапкершілігі. Біз бүгінгі кездесуде жас қазақстандықтарды қорғаудың жаңа тетіктерін талқыладық. «Дала Қырандарының» бастамашылдығы мен белсенділігі бізді қуантады», - деді ІІМ бірінші орынбасары Бауржан Аленов кездесуде.
Өткен сапар барысында министрлік өкілдері ұйымның күнделікті жұмысымен де танысты. Штаб – жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыратын, көшбасшылық қасиетін дамытатын және әлеуметтік жобаларды іске асыратын негізгі алаң. Мұнда әр күн жаңа идеялармен, қоғамдық бастамалармен және нақты нәтижелерге бағытталған жұмысымен ерекшеленеді.
«Жастармен жұмыс істеу үшін олардың сеніміне ие болу керек. Ал сенім әрекет арқылы келеді. Біз ІІМ-мен серіктестікті нығайта отырып, қоғамға пайдалы орта қалыптастыруға ұмтыламыз. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы үлкен қадам болды деп есептейміз», деді «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің өкілі.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі – болашақтағы бірлескен жобаларды анықтау болды. Тараптар жастар арасында құқықтық білімді арттыруға бағытталған тренингтер, еріктілер қозғалысын күшейту және өңірлік деңгейде профилактикалық жұмыстарды дамытуды талқылады. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған ұзақ мерзімді бағдарламаларды қолға алу ұсынылды.
ІІМ өкілдері штабтың жұмысын өз көзімен көріп, жастардың бастамасына деген қызығушылықтарының жоғары екенін атап өтті. Олар ұйымның тәртіп пен жауапкершілікке бағытталған жобаларына қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Осы сапар - қоғамда белсенді, саналы, білімді және отансүйгіш жастардың қалыптасуына арналған ортақ мақсаттағы маңызды қадам екені айтылды.
Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмысты жалғастыру және жаңа ұсыныстарды пысықтау үшін дөңгелек үстел ұйымдастыруға келісті. Бұл алаңда нақты бастамаларға қатысты жол картасы жасалып, әр бағыт бойынша нақты орындаушылар анықталмақ.
«Дала Қырандары» туралы
«Дала Қырандары» – ел жастарының жаңашыл ойы мен азаматтық белсенділігін бір арнаға тоғыстыратын қоғамдық ұйым. Бірлестік қоғамдағы ең өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуды мақсат етеді. Ұйымның басты миссиясы – саналы, жауапкершілігі жоғары, еркін ойлы және елге қызмет етуге дайын жаңа буын тәрбиелеу.
Елордада өткен бұл кездесу - жастар қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолындағы серіктестікке жаңа серпін беріп, алдағы жобалардың берік іргесін қалаған маңызды оқиға болып тарихқа енді.