08.12.2025, 11:00

«Қазақ емшілігінің 5000 жылдан да көп тарихы бар»: Танымал дәрігер құнды дерегін бөлісті (ВИДЕО)

Академик қазақ емшілігі тарихының тамыры тереңде жатқанын айтып, біздің медицинамыз туралы сөз қозғады. 

Қазақ медицинасын төрге шығарып, 12 томнан тұратын медициналық антология шығарған еңбекқор ғалым Қайрат Айдарханұлы Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болды. Жоғары санатты дәрігер, академик сұхбат барысында денсаулық жайлы сөз қозғап, бірақ құнды мәліметін ортаға салды, - деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Қайрат Айдарханұлы жастар арасында кеңінен танымал энергетикалық сусынның зиянын айтты. 

"Энергетикалық сусындар химиялық жолмен алынған өнім. Оның орнына өзіміздің қымыз, шұбат, айран, сүтімізді ішпейміз? Горилла сынды сусындардың құрамында адамды өзіне тартқан соң наркотикалық заттар да болуы мүмкін", - деді спикер. 

Академик қазақ емшілігі тарихының тамыры тереңде жатқанын айтып, біздің медицинамыз туралы сөз қозғады. 

"Қазақ емшілігі деген атау еуропалық медицина атауымен бірдей. Ал емші десе, олар бақсы-балгер деп басқаша түсініп қалуы мүмкін. Сақ, ғұн дәуірінен жалғасып келе жатқан қазақтың да байырғы емдеу тәсілі бар. Біздің емшілігіміз өте әріден басталған. Адам бар жерде оған денсаулық керек. Қазақ емшілігінің 5000 жылдан аса тарихы бар. АҚШ зерттеулерінен қазақтың атты 12 мың жыл бұрын үйреткен дегенді естідім. Ботай мәдениетінде атты үйретті деген сөз қазақтың медицинасы сол кезден болды деген сөз. Ата-бабалырымыз жылқыны емге пайдалана білген. Жабайы жылқыны үйреткенде адам жарақат алады. Сол кездегі қазақтар жарақаттанған адамды емдей білген. Біздің медицинамыз сол заманда қалыптасты. 8-10 мың жыл бұрын емдеу тәсілдеріміз болды. Ұшқан құс пен жүгірген аңды емге пайдалана білген. Әсіресе шөптің көп түрін жаратқан", - деп түсіндірді ол. 

Қазақ медицинасын зерттеумен айналысып жүрген ғалым 7 атадан аспай қыз алыспау керек деген тұжырымды кім, қашан айтқанын да баяндап берді. 

"Жер шарында біздікіндей таза қан ешкімде жоқ. Басқа ұлтты өркениетті десек те олар 7 атаға жетпей қыз ала береді. Мұның барлығын "Шипагерлік баянда" Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабаларымыз айтып кеткен. 5 ғасыр бұрын жазған. Қазірдің өзінде үлкен ақсақалдар араласып ол туысың, алсаң қаның бұзылады деп қан тазалығын сақтайды. "Шипагерлік баянның" қасиеті осы жерде", - деді ол.