Өрт сөндіру барысында пәтерден ессіз жатқан кәмелетке толмаған бала табылды.
Оқиға 8 желтоқсан күні таңертең, Ақтаудағы көп қабатты үйлердің біріндегі пәтерде болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Маңғыстау облысының ТЖД хабарлауынша, «112» пультіне 28-шағынаудандағы өрт туралы хабар сағат 09:04-те түскен. Өрт №21 үйдің төртінші қабатындағы пәтерден шыққан.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына алты минутта жетіп, шамамен 20 шаршы метр аумақтағы тілсіз жауды 09:28-де толық сөндірген.
«Өрт сөндіру барысында пәтерден ессіз жатқан кәмелетке толмаған бала табылды, оны жедел жәрдем бригадасына тапсырдық. Дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, бала жедел жәрдем көлігінде көз жұмды», – деп хабарлады облыстық ТЖД.