11.12.2025, 19:20

Елімізде балабақшаларға жаңа талаптар енгізіледі

Фото: Pixabay

Вице-министрдің айтуынша, балабақшаларды лицензиялау — сапаны арттыруға бағытталған негізгі қадамдардың бірі.

2027 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда меншік нысанына қарамастан барлық балабақша міндетті түрде лицензиядан өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Вице-министрдің айтуынша, балабақшаларды лицензиялау — сапаны арттыруға бағытталған негізгі қадамдардың бірі. Қазір министрлік бұл процесті жеке бақылауға алып, жергілікті атқарушы органдармен бірге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәсіпкер балабақша ашқан кезде жергілікті әкімдікке және министрліктің аумақтық департаментіне міндетті түрде хабар береді. Ал жаңа өзгерістер енгізілгеннен кейін қойылатын талаптар күшейіп, балабақшалардың барлығы бірыңғай стандартпен жұмыс істеуге тиіс болады.

«Мектеп болсын, балабақша болсын, қазір лицензиялау енгізілді. Әрбір мектеп пен балабақша ғимаратына, педагогикалық әлеуетіне, бағдарламаларына, материалдық-техникалық базасына және инфрақұрылымына талаптар қойылған. Бұл ереже бекітілді. Заң 2024 жылы күшіне енді. 2025–2026 жылдары балабақшаларды осы талаптарға сәйкес келтіру үшін дайындық жүргізуге уақыт берілді. 2027 жылдың қаңтар айынан бастап балабақшалар меншік нысанына қарамастан лицензияланатын болады», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында қойылған сұраққа берген жауабында.

Майра Мелдебекова лицензиялау жүйесінің енгізілуі балабақшалардың сапасын көтеріп, балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.