24.12.2025, 12:00

Ливияның генералы ұшақ апатынан қаза тапты

Фото: Anadolu via Getty Images

Осы қайғылы жағдайға байланысты БҰҰ мойындаған Ливияның Ұлттық бірлік үкіметі ел аумағында үш күндік ресми аза тұту жариялады.

Анкарадан Триполиге бағыт алған Falcon 50 бизнес-джеті апатқа ұшырап, Ливия қарулы күштері Бас штабының бастығы Мұхаммед Али Ахмед әл-Хаддад қаза тапты. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы BBC-ге сілтеме жасап хабарлады. Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликаяның мәліметінше, борт нөмірі 9H-DFJ ұшағы Анкара әуежайынан жергілікті уақытпен 20:10-да ұшып шыққан. Алайда 20:52-де әуе кемесімен байланыс үзілген. Кейін ұшақтың сынықтары Анкара провинциясына қарасты Хаймана ауданындағы Кесиккавак ауылынан оңтүстікке қарай шамамен екі шақырым жерден табылған. Алдын ала деректерге сәйкес, ұшақта бес адам болған. Олардың қатарында Ливияның құрлық әскерлерінің қолбасшысы, әскери өндіріс басқармасының директоры, Бас штаб бастығының кеңесшісі және фотограф бар. Қазіргі уақытта әуе апатының нақты себептері белгісіз. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ливия билігі оқиғаның мән-жайын бақылау үшін Анкараға ресми делегация жіберетінін мәлімдеді. Осы қайғылы жағдайға байланысты БҰҰ мойындаған Ливияның Ұлттық бірлік үкіметі ел аумағында үш күндік ресми аза тұту жариялады.