Даулы жағдай ушығып, әкімші авторды қуып шығаруға тырысқан, тіпті физикалық әрекетке дейін барған.
Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан мейрамханалардың бірінде мемлекеттік тілге қатысты дау шықты. Оқиға куәгерінің айтуынша, ол мейрамхана әкімшісінен қазақ тілінде қызмет көрсететін даяшы бар-жоғын ғана сұраған. Алайда қарапайым сұраққа жауап берудің орнына әкімші тарапынан балағат сөздер айтылып, қорлау болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жазба авторы жағдайдың мұнымен бітпегенін айтады. Әкімші «Мен КСРО-да туғанмын, қазақша сөйлеуге және қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндетті емеспін», «Маған қазақ тілі керек емес» деген сөздерді ашық айтқан. Бұл сөздер қоғамдық орында, туристік аймақта айтылған.
Даулы жағдай ушығып, әкімші авторды қуып шығаруға тырысқан, тіпті физикалық әрекетке дейін барған. Кейін полиция шақырылған. Соның салдарынан жазба авторы шамамен үш сағатын жоғалтқан, ал туристер суықта күтуге мәжбүр болған. Оқиғаның бейнежазбасы бар, сондай-ақ куәгерлер де жеткілікті.
Жазба авторы бұл жеке пікір немесе тұрмыстық ұсақ мәселе емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай әрекет еліміздің имиджіне тікелей әсер етеді, ал мемлекеттік тілді құрметтеу – әр азамат пен әр мекеменің міндеті. «Мұндай жағдайға көз жұма қарауға болмайды», – дейді ол.