Шымбұлақтағы тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасында қазақ тілінде сөйлеуден бас тартып, басы дауға қалған әкімші халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Елена есімді мейрамхана әкімшісі заңгер Мейірман Шекеевпен кездесіп, оның инстаграм парақшасында халықтан кешірім сұрады.
“Мен өзімнің сөздерім үшін отанымнан кешірім сұрағым келеді. Мен де Қазақстанның азаматымын. Эмоциялық жағдайда “Мен КСРО-да тудым” деп айтқаным үшін өзімнің халқымның алдында кешірім сұраймын. Ешкімге тіл тигізгім келген жоқ. Сол себепті мені кешірулеріңізді сұраймын”, – деді ол видеода.
Мейірман Шекеевтің сөзінше, тараптар кездесіп, өзара келісім туралы шешімге келген.
Сондай-ақ заңгер Мейірман Шекеев Gusto мейрамханасына барып, әкімшілікпен сөйлесіп, мәзірдегі қателіктерді түзетуді сұраған. Мейрамхана әкімшілігі де болған жағдай үшін кешірім сұрап, мәзірдегі қателіктерді түзетуге уәде берді.