Куәгерлер дереу полиция мен жедел жәрдем шақырған.
Теміртауда автобус ішінде 18 жастағы жігіт аяғынан пышақ жарақатын алды. Қоғамдық көліктегі қанды оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлер оқиға орнынан түсірілген видеоны жариялаған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаны жан-жақты және объективті тергеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Агрессия мен зорлық-зомбылықтың кез келген көріністері қатаң түрде тоқтатылады. Кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, бұл іс Қарағанды облыстық полиция департаментінің бақылауында тұр.
Алдын ала анықталғандай, жанжал тұрмыстық негізде басталған: екі жолаушы салондағы терезені ашу мәселесіне байланысты жанжалдасып қалған. Өзара сөз таласы төбелеске ұласып, соңы пышақ жарақатымен аяқталған. Куәгерлер дереу полиция мен жедел жәрдем шақырған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері 30 жастағы күдіктіні ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция 18 жастағы Теміртау тұрғынының аяғына пышақ жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.