28.12.2025, 23:30

Меккедегі мешітте ер адам жоғарғы қабаттан секіріп кетті (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Суицид жасамақ болған ер адамды тоқтатпақ болған күзетші де жарақат алды.

Ислам әлемінің ең қасиетті орны – Меккедегі Масжид әл-Харам мешітінде төтенше жағдай тіркелді. Ер адам ғимараттың жоғарғы ярустарының бірінен төмен секіріп, өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.

Сауд Арабиясы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, оқиға салдарынан тек секірген азаматтың өзі ғана емес, оны тоқтатуға тырысқан қауіпсіздік қызметкері де ауыр жарақат алған. Қызметкер ер адамды құлап бара жатқан сәтінде ұстап қалуға ұмтылған.

«Қазіргі уақытта екі адам да ауруханада дәрігерлердің бақылауында. Оқиға орнында барлық ресми рәсімдер аяқталды», — делінген ресми хабарламада.

Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Осыған байланысты Масжид әл-Харамның бас имамы шейх Абдур Рахман ас-Судайс шұғыл үндеу жасап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қажыларды қасиетті мекеннің қадірін сақтауға шақырды. Ол исламда адам өмірі ең жоғары құндылық екенін, оны қорғау – шариғаттың басты мақсаттарының бірі саналатынын атап өтті.