29.12.2025, 00:30

Шымкентте 8 адам газдан уланып қалды

Фото: Pixabay

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаменті және қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметкерлері барды.

Шымкент қаласы Абай ауданында бір отбасының сегіз мүшесі табиғи газдан уланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаменті және қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметкерлері барды.

— Алдын ала болжам бойынша, улану себебі — түтіндік мұржаның қауіпсіздік талаптарына сай болмауы. Улану салдарынан сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтардың жағдайы қанағаттанарлық, барлығы медициналық бақылауда, — делінген қалалық Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Осы орайда, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға улы газдың иіссіз әрі аса қауіпті екенін ескертеді. Сондай-ақ өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, газ жабдықтарын уақытылы тексертіп, түтіндік мұржаның дұрыс орнатылғанын қадағалауға және үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша келісімшарт жасауға шақырады.