29.12.2025, 11:00

«2026 – саяси реформалардың жылы болмақ» – Айдос Сарым

"Қазір халыққа ұнайтын сөз айтатын заман емес". 

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Qasqa Jol YouTube арнасында қонақта болды. Депутат сұхбат барысында 2025 жылдың айтулы оқиғаларына тоқталып, 2026 жылға жоспарлармен бөлісті, - деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

“2026 жыл- саяси реформалардың жылы. Соның тексерілетін уақыты. Референдум өткеннен кейін, тиісті заңдар қабылданғаннан кейін саяси науқандар басталатыны анық. Осы жылы қабылданған көптеген заңдар 1-қыркүйектен бастап іске қосылады”- деді Айдос Сарым.

Сондай-ақ депутат әлеуметтік желіде өзіне жазылатын сыни пікірлерге де жауап берді.

“Қазір халыққа ұнайтын сөз айтатын заман емес. Шыншыл, мемлекетшіл азамат қажет болатын болса халықпен айтыса да білуі керек. Себебі, халыққа ұнайтын ғана сөз айтсаң бірде-бір мәселе шешілмейді. 100 пайыз халыққа сен ұнай алмайсың. Бірақ 50-60 пайыз халықты сендіріп, көндіріп, мәселені шешуге болады. Мен тек қарғыс қана емес, алғысты да естіп жатырмын. Мен бқларды халық деп айта алмаймын. Белсенді топ болуы мүмкін. Фейсбукта отырған адам халық емес, халықтың кішкентай бір бөлшегі”, - деді депутат.

Айдос Сарым жаңадан қабылданған салық кодексі жайлы да сөз қозғады.

“Адам салықтан неге жалтарады? Ең бірінші дұрыс игерілетініне сенбегендіктен жалтарады. Ал егер оның көзі жететін болса, Ол менің балам баратын мектеп, балабақша, жол деп сендірмейтін болсақ ешкімнің салық төлеуге ниеті де болмайды. Салық комитетіне әрқашан айтатынымыз олардың халыққы түсіндіретін жұмыстары жеткіліксіз. Сіздердің топ болып, бір аймаққа шығып, кәсіпкерлермен ғана кездескендеріңіз жеткіліксіз. Сыртында қарапайым халық та бар”, - деп пайымдады ол.