$ 504.76  593.8  6.5

«Қауырт әрі жемісті өтті»: Тоқаевтың биыл неше елге мемлекеттік сапармен барғаны белгілі болды

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазған.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 9 өңірін аралап, ондағы әртүрлі өндіріс нысандарын көрген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазған.

«Биыл Мемлекет басшысының сыртқы және ішкі саясат бағытындағы қызметі өте қауырт әрі жемісті өтті. 2025 жыл елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруларға толы болды. Ең бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігінде оң өзгерістер орын алды. Жаңа өндіріс орындары ашылып, қамба астыққа толды. Тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар салынып, көлік жолдары жаңартылды», - деп жазған Руслан Желдібай.

Оның дерегіне сенсек, Тоқаев биыл еліміздің 9 өңіріне жұмыс сапарымен барып, 50-ден астам өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени нысанды аралап көрді. Сондай-ақ Президент 16 облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің есебін тыңдаған.

Бір жыл ішінде Мемлекет басшысы 23 рет шетелге шықты.

Оның ішінде Ресейге және Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды. ҚХР, Иордания, Түркия, Қырғызстан және Жапония секілді елдерге 5 ресми сапар ұйымдастырылды. Ресей (екі рет), АҚШ (екі рет), Түрікменстан (екі рет), БАӘ, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Қырғызстан сияқты мемлекеттерге 16 мәрте жұмыс сапарымен барды.

Шетелдік сапарларда сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтуға айрықша мән берілді.

Халықаралық кездесулер кезінде жалпы сомасы 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды.

Президент шет мемлекеттердің үкімет басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықаралық құрылымдар жетекшілерімен, іскерлік топ өкілдерімен және сарапшылармен 186 кездесу өткізді.

Қазақстан халықаралық диалогтың белсенді алаңына айналды.

2025 жылы шет мемлекеттердің басшылары Қазақстанға 30 рет cапармен келді.

Олардың арасында ҚХР, Италия (екі рет), Грузия, Өзбекстан, Словения, Вьетнам, БАӘ, Руанда, Солтүстік Македония, Болгария, Словакия, Иордания, Конго Демократиялық Республикасы, Мьянма, Мажарстан, Әзербайжан, Финляндия, Эстония, Армения, Түрікменстан, Швейцария және Иран елдерінің мемлекет және үкімет басшылары бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзге де президенттермен 43 мәрте телефон арқылы сөйлесті. Бұдан бөлек, 4 ресми рәсім барысында 30 мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары