Биыл тамыз айында жүргізуші ойнап жүрген бір топ баланы қаққан.
Бүгін Абай облысында Бестерек ауылында болған қайғылы жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Еске салайық, биыл тамыз айында жүргізуші ойнап жүрген бір топ баланы қаққан. Соның салдарынан 2 жастан 7 жасқа дейінгі төрт бала қаза тауып, тағы екі бала жарақат алды.
55 жастағы жүргізуші «эпилепсия» диагнозымен есепте тұрған және оған көлік жүргізуге тыйым салынған. Жол-көлік оқиғасы ұстама салдарынан болған. Жүргізуші өз кінәсін мойындады.
Қаза тапқан балалардың ата-аналары ең қатаң жаза тағайындауды талап етті.
Жүргізуші төрт баланың өліміне кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
— Көлік қағу салдарынан қаза тапқан екі жастағы баланың ата-анасына 20 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы тағайындалды.
— Жол-көлік оқиғасында үш баласынан айырылған ата-анаға сот 30 миллион теңге мөлшерінде моральдық өтемақы белгіледі.