2026 жылдың 7 қаңтарында Талғат Мұсабаев 75 жасқа толар еді. Ол 2025 жылдың 3 тамызында өмірден озды.
Ел тарихында есімі тәуелсіз Қазақстан жылнамасының алғашқы парағында жазылатын адамдар бар. Солардың бірі даңқты ұшқыш-ғарышкер, Қазақстан ғарыш саласының негізін қалаушы – Талғат Мұсабаев. 2026 жылдың 7 қаңтарында Талғат Мұсабаев 75 жасқа толар еді. Ол 2025 жылдың 3 тамызында өмірден озды, деп жазады Sn.kz ақпарат поралы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қос туған күн тарихы
1950 жылдың 7 желтоқсаны. Алматы облысының Қарғалы ауылында Миндубаева Салиха Хамидқызы тұңғышын дүниеге әкелді. Жас ана дәл сол аурухананың бас дәрігері болатын. Баланың әкесі Амангелді журналист еді. Ол жеке басындағы қайғы-қасіретке қарамастан өмірге құштар, жігерлі жан-ды. Салихамен кездескенге дейін Амангелдінің бірінші әйелі науқас мендеп, өмірден озып кеткен. Осылайша, Салиха бір сәтте-ақ 4 баланың анасы атанып шыға келді: үлкендері – Болат, Марат, Мұрат және кішкентайы – Талғат.
Сәби туған үйінің табалдырығын аттаған күні-ақ оқыс оқиға болды. Амангелді мен Салиханың сәбиінің дүниеге келуін тойлап жатқан кезде үй өртке оранды. Аязды күні осындай абыр-сабыр болып жатқан кезде үлкендер сәбиді естен шығарып ала жаздады. Оны отқа оранған үйден соңғы сәттерде алып шықты. Анасы дүниеге келген сәттен-ақ ерекше бала санаған Талғат осылайша отпен де тағдырлас болды.
Ал сәбиге Талғат сияқты батыр есімі тосыннан берілген жоқ. Сәбиге қандай есім беруді ойланып-толғанып отырған Мұсабаевтардың шаңырағына үй иесінің ағасы әскери ұшқыш әрі бүкіл әлемге есімі белгігі Талғат Бигелдиновтің досы Балшахан Ырысалдин кіріп келеді. Ол нық сеніммен: «Кеңес одағының екі дүркін батыры ержүрек әрі даңқты Талғат Бигелдиновтей болсын!», - дейді.
Бұл ұсыныс барша туыстың көңілінен шықты. Бірақ олардың ешқайсысы да осынау даңқты есім бала өмірінде маңызды рөл атқаратынын білген жоқ. Талғат 3 жасқа толғанында ата-анасынан өзіне қойылған есімнің тарихын біліп, ұшқыш болуға нық шешім қабылдады.
Туған жер батасы
Талғат Мұсбаев 1994, 1998 және 2001 жылдары үш рет ғарышқа сапар жасап, жалпы ұзақтығы бір күнтізбелік жыл көк әлемінде болды, 7 рет ашық ғарышқа шықты.
Оның ғарышқа алғашқы дайындығы мен сапары Қазақстан енді ғана тәуелсіздік алған сәтке тұспа-тұс келеді. Мұсабаев егемен Қазақстанның бірінші ғарышкері мәртебесін алып, ашық ғарышқа шыққан бірінші қазақ атанды.
Талғат Мұсабаевқа дейін ашық ғарышта бір тәуліктен артық уақыт ешкім болмаған, оның жетістігі Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді.
Марқұм алғаш болып ашық ғарышқа шығуын былай еске алған еді:
- Мен жердің ғарыштан көрінетін сұлулығына таңғалдым, өмірдің көгілдір жарығын шашып тұрды. Қорқыныш сезімі орбиталық станцияның люгін ашқан сәтте таңданысқа ұласты: «О, менің Қазақстаным», кездейсоқтық па, сол сәтте «Мир» станциясы менің туған жерімнің үстінен ұшып бара жатқан еді. Жалпы, ғарышта бүкіл жер - туған жер сияқты. Бірақ, мен таныс тау, көл және шексіз қазақ даласының бейнесін көргенде, оның белгі екенін түсіндім. Бұл менің туған елімнің батасы еді және ашық ғарышқа алғаш қадам басқан қазаққа берілген бата болатын.
Сондай-ақ Талғат Мұсабаев ғарышқа Қазақстанның туын алғаш алып шыққан және орбитаға Құран апарған тұңғыш адам болды. Бұл қасиетті кітапты ғарышқа ешкім апармаған және одан кейін де ешкім апарған емес.
2007 жылдан 2014 жылға дейін Талғат Мұсабаев Ұлттық ғарыш агенттігін (Қазғарыш) басқарды. Қысқа кезеңде оның басшылығымен Қазақстан ұлттық ғарыш саласының дамуы жолында үлкен серпіліс жасады. Заманауи ғарыш инфрақұрылымы құрылды, кәсіби кадрдың өзегі қалыптасты, отандық ғарыш техникасы мен технологияларын жасауда айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді. Заманауи ғарыш технологиясы бойынша мамандар даярлау жөніндегі стратегиялық маңызды міндет шешіліп, Қазақстан өзін жоғары технологиялар мен ғылым саласында зор амбициясы бар ел ретінде таныта алды.
- Маған ғарышта басталған жұмысымды жерде жалғастыру бақыты бұйырды. Бұл мүмкіндікті мемлекетіме, адамзаттың ғарышқа алғаш қадам басқан еліне қызмет ету жолында толық пайдалануға тырыстым, - деген еді Талғат Мұсабаев.
Сонымен қатар ол жасалған дүниелерді сақтап, одан ары қарай дамыту, кәсіби мамандарды аялау қажеттігін айтқан болатын.
- Кез келген кәсіпорынның табысты жұмыс істеуінің басты факторы – бұл адамдар, мамандар. Қазғарышты құру барысында барлық қиындықты бірге еңсерген әріптестерімсіз, үзеңгілестерімсіз, ғарышқа ұмтылған ғалымдар мен жас мамандарсыз ештеңе де шықпас еді. Бірге жұмыс істеген, жұмыс істеп жатқан жандардың біріне ризашылығымды білдіремін. Сондықтан да дәл осы учаскеге қатты алаңдаймын. Өйткені адамдар ғарышты жасайды, - деген еді даңқты ғарышкер.