07.01.2026, 21:30

Атыраудағы отбасы өлімі: күдіктінің кім екені белгілі болды

Фото: azh.kz

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыс ізін жасыруға тырысқан.

Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдікке 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев ілінді. Ол қаза тапқан Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның күйеу баласы болып шықты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыс ізін жасыруға тырысқан. Марқұмдардың денесі шаруашылық қорадан табылған.

Денелер қора ішінде қазылған тереңдігі 1,5 метрлік шұңқырға көміліп, үсті топырақпен толтырылған. Оның үстіне линолеум төселіп, диван қойылған, ал ғимарат кілтпен жабылған.

Күдіктінің бұл істі жалғыз өзі немесе сыбайластармен бірге жасағаны әлі нақтыланбаған.

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, Сұлтан Сәрсемалиев елден қашып кеткен болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оған іздеу салынды.

Күдіктінің телефоны алдымен Өзбекстан аумағында сигнал берген. Кейінірек ол Малайзия арқылы Индонезияға өтіп кеткен болуы мүмкін деген болжам бар.

Тергеу барысында күдіктінің анасынан жауап алынды. Алайда ол ұлы мен келінінің қайда екені туралы ешқандай мәлімет бермеген.

Бұл істегі тағы бір жұмбақ жағдай — марқұмдардың үлкен қызы әрі күдіктінің әйелі Ақбаянның тағдыры. Ол әлі күнге дейін хабарсыз кеткендер тізімінде тұр.