Полиция олардың біреуін ғана қолға түсірген.
Алматыда үш ер адам жасөспірім мен оның ағасын соққыға жыққан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ал полиция олардың біреуін ғана қолға түсірген.
Болған жайтты зардап шеккен жасөспірімнің анасы Сымбат Арғынова баяндап берді. Оның айтуынша, оқиға 15 желтоқсаннан 16-сына қараған түні Төле би көшесінің бойында орналасқан жанармай бекетінде болған.
“Зардап шеккендер – інім мен 15 жастағы ұлым. Олар досын күтіп алуға шыққан еді. Жанармай бекетіне келген соң ұлым көлік ішінде қалған. Ол ағасы мен оның досын күтіп отырған кезде, сыртта жанжал басталған. Балам не болып жатқанын көру үшін көліктен шыққан кезде оны да соққыға жыққан. Ұлымды жұлқып, есінен танғанша ұрып-соғып кеткен. Полицияға арыз түсірдік. Күдіктілердің бірін ғана қамауға алынды. Негізі үш адам еді. Алайда қазір ол бостандықта жүр. Ол адам полиция бөлімшесінде ұлымды балағаттап, кейін ұстап аламын деп қорқытқан”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Әйелдің сөзінше, ұлы ауруханада жатқан кезде күдіктілер тарапынан ешкім келіп кешірім сұрамапты.
“Ұлымның миы шайқалып, жағы шыққан. Қазір жақ тістерін емдетіп жатырмын. Ұлымды психотерапевтке қаратуым керек. Себебі, қатты қорқып қалған, “ұрып жатқан кезде өліп қаламын ба деп қорықтым” деп жылап айтады”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Жәбірленушінің анасы енді кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.