13.01.2026, 11:20

«Жігіттің психикалық ауытқуы бар»: Шымкенттегі 21 жастағы қызды өлтірген күдікті ұсталды

Коллаж: Sn.kz

"Қызымызды айуандықпен өлтірді".

Шымкент қаласында Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында аса қатыгез қылмыс жасалды. Пышақ жарақатынан 21 жастағы бойжеткен көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қыздың өліміне қатысты күдікті ұсталды. Полицияның мәліметінше, іздеуде жүрген 29 жастағы ер адам табылып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ол қызды пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген. Еске салайық, 11 қаңтар күні кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылған болатын. Марқұмның денесінен пышақ жарақаттары анықталған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Көз жұмған қыздың мәйітін туыстары туған ауылына алып кетті. Бейнежазбада қыздың қашып құтылуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені көрінеді. Ал ер адам оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттаған. Кейін оқиға орнынан бой тасалаған.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде лезде тарады. Ресми емес ақпаратқа сәйкес, марқұмға 11 пышақ жарақаты салынған. Түнде желіде қаза тапқан қыздың және оны өлтірді деген күдікті жігіттің суреттері жарияланды.

Otyrar.kz хабарлағандай, қаза болған 21 жастағы студент Нұрай Серікбай. Ол ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйде тұрған. Отбасында екі ағасы бар, өзі кенже қыз болған. 

 «Қызымызды айуандықпен өлтірді. Бұл біз үшін өте ауыр қайғы», - дейді олар.

Сол жерде болған көршілер мен куәгерлер есеңгіреп қалғанын алға тартты.

“Естігеніміз сол қыз 21  жаста, жігіт 1994 жылғы. Екеуі бұрын кездесіп жүрген. Оқиға 18:40-та болды. Қыз үйінен шыққан, екеуі сөйлескен. Кейін жанжалдасқан. Жігіт қызды ұрып, пышақ тыққан. Беті, қолы, арқасы, ішінен пышақтаған, қатты жарақат алған. Қатты қинаған. Жұмыстан келе жатқан бір келіншек оларды көріп қалып айғайлағанда, жігіт қорқып қашқан. Ол жеткенше қайтадан барып 3-4 рет тағы пышақ тыққан. Қыз сол жерде-ақ жан тапсырды. Ал жігіт бірден қашып кетті. Көрген куәгерлер бірден полиция шақырды. Қатты уайымдадық, біздің де бала-шағамыз бар. Кейін қорқып сұрағанымызда осыдан екі-үш күн бұрын да сол қыздың дауысын естіген екен көршілер. Жұмыстан қайтып келе жатқандар екеуінің ұрысып, айғайласып тұрғанын көрген екен. Не себеп екенін білмейміз. Дегенмен екі-үш күн қатарынан екеуі жанжалдасып, ақыры осылай болып отыр”, – дед Динара Тілеубердиева есімді тұрғын. 

Күдіктінің не себепті марқұмға пышақпен шабуыл жасағаны әзірге белгісіз. Туыстарының айтуынша, 21 жастағы Нұрай Серікбайдың жерлеу рәсімі 13 қаңтар күні Түркістан облысы Төрткөл ауылында өтеді.

Ал желі қолданушысы жігітті танитынын жазған. 

“Әкесі Юг Сити, "Колос" базары жақта жұмыс істейді. Таныстары арқылы "психикалық тұрғыда сау емес" деген анықтама алып беретіндей мүмкіндігі бар. Мен оны жеке танимын  – агрессивті адам болатын, бірге жұмыс істедік. Уақытылы жұмыстан шығып кеткенім жақсы болды”, – деді ол пікірлер арасында.