Сталкингтің құрбаны делінген Нұрай Серікбайдың туыстары тың деректермен бөлісті.
Кеше марқұмның денесі туған ауылы Төрткөлде жер қойнына табысталды. Танысы аяусыз өлтірген Нұрай Серікбайдың туыстары оқиғаға қатысты жаңа деректерді айтып отыр. Олар тергеудің әділ өткенін, істің бұрмаланбағанын қалайды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Марқұмның жақындарының сөзінше, Нұрай мектепті үздік бітірген. Алматыда дизайн мамандығында оқыған. Қысқы демалыс болған соң ғана үйіне келген екен. Күдіктімен былтыр жазда танысып, ол көп уақыт өтпей қызды еркінен тыс алып қашқан. Некеге қыз да, отбасы да қарсы болып, полиция көмегімен өз үйіне қайтқан. Кейіннен арыз жазылған. Десе де, күдікті қайта мазаламауға уәде бергендіктен, кешірім беріліпті. Бірақ аңду мен қорқыту бұдан тоқтамаған. Марқұмның әкесінің ағасы Ғалымжан Сағымбек қарындасын көргенде шошып кеткенін жасырмады.
– Ежелгі дәстүріміз бойынша жуып, арулап шығарып салуымыз керек еді. Ондайға да жағдайымыз келмей тұр. Себебі, ауыр жарақаттар салып тастаған. Осы жасқа келсем де, бетін көріп, шошып кеттім. Айта алмаймын. Арқасының өзіне 7 жерінен пышақпен ұрған, – дейді ол.
Марқұмның жақындары істі әділ тергеуді, күдіктіге ауыр жаза беруді талап етіп отыр.
– Алтындай ақылды қызымнан айырылып отырмын. Толықтай жазасын алсын. Ату жазасын берсін! Өмір бойы сотталып кетсе де жаным ашымайды. Айуандықпен қызымды өлтірген адамды ешқандай кешіруге болмайды, – деді марқұм Нұрай Серікбайдың анасы Айгүл Сағымбекова.
Бұған дейін Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан қыздың ағасы мәлімдеме жасаған еді.