14.01.2026, 13:40

«Әмбебап файтер»: Америкалық сарапшы Асу Алмабаевқа жоғары баға берді

Фото: Zuffa/LLC

Қазіргі таңда Алмабаев өз дивизионының рейтингінде жетінші орында тұр.

ММА туралы жазатын америкалық сарапшы әрі журналист Джейден Кейбл UFC-де ең жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың (23-3) болашағына жоғары баға берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Америкалық журналист Х әлеуметтік желісіндегі жазбасында Алмабаевты дивизиондағы ең жан-жақты спортшылардың бірі деп атап, оның чемпиондық атаққа толық лайық екенін жеткізді.

«Қысқасы, Асу Алмабаев ­– дәл қазір аса жеңіл салмақтағы ең әмбебап файтер. Ол болашақта UFC чемпионы атанады. Манель Капемен айқасында қарсыласы ереже бұзып, бірнеше рет оның көзін шұқып алды», ­­– деп жазды Кейбл.

Еске салайық, Асу Алмабаев 28 ақпанда Мехикода өтетін UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегінде октагонға шығады. Қазақстан уақытымен 1 наурызға қараған түні ол жергілікті жанкүйерлердің сүйіктісі, UFC-дің бұрынғы чемпионы Брэндон Мореномен (29-3-2) күш сынасады.

Қазіргі таңда Алмабаев өз дивизионының рейтингінде жетінші орында тұр. Ал Морено үздік бестікке енген. Алдағы кездесу қазақстандық спортшы үшін титулдық айқасқа апарар жолда шешуші сынақтардың бірі болмақ.