Жанары мөлдіреп кете барды.
Феминист Айгерім Құсайынқызы Шымкентте қаза тапқан 21 жасар қыз туралы айтты. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
”Жанары мөлдіреп кете барды. Аялап, әлпештеп өсірді, қу аяқ жолықты да өмірін қиды. Қандай қатыгез, әділетсіз жағдай… 21 жасар Нұрай әулет пен ауылдың мақтанышы еді. Өз қатарынан жалғыз өзі мектепті алтын белгімен бітірген түлек. Өнерлі, ісмер, еңбекқор, зерек қыздың арманы асқақ еді. Алматыға оқуға түсіп, күніне сан қиял, мың мақсатпен қадам басты. Қыр соңынан қалмаған жігітке ЖОҚ деп қарсылығын айтқаны сол екен қыршын өмірі қиылды.
Аңырап қалған анасына, қаралы әулетке қайғыра көңіл айтамын. Бұл қайғы барша ананың жүрегін ауыртып, бүкіл қыздардың жанын шайлықтырды. Айналайын қыздар (келіншектер) “Сталкинг” туралы Қылмыстық кодекс бар!!!
Егер, танитын (танымайтын) жігіт ұнамаса, бірақ қыр-соңыңнан қалмай мазаңды алып, жеке өміріңе араласып, күштеп, мәжбүрлеп, қинап жатса қашып жүре бермей, полицияға арыз жаз! Ешкімнің ешкімді аңдуға, жеке өміріне қол сұғуға, қарсылығына қарсылық танытуға хақы жоқ! Әр ұл әр қызға қарындасындай қамқорлықпен қарайтындай тәрбие берейік”, — деп жазды журналист.
Естеріңізге салсақ, 21 жасар қыз пышақ жарақатынан қаза тапқан еді.