14.01.2026, 15:20

«Өртті қымызбен сөндірмек болған»: Кентауда кафедегі жарылыстан қаза тапқан жігіттің туыстары әділдік талап етті

Фото: видеодан скриншот

8 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан 20 жастағы аспазды аман алып қалу мүмкін болмаған.

Түркістан облысы, Кентау қаласында қымызханада газ жарылысынан денесінің 90%-ы күйген Бақдәулет Мұса да бақилық болды. Қара жамылған отбасы дәмханада өрт сөндіру құралы болмай, отқа оранған жігіттің денесін қымыз құйып өшірген дейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

1 қаңтар күні болған жарылыстан кейін, 8 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан 20 жастағы аспазды аман алып қалу мүмкін болмаған. Өкініштісі сол, марқұм оқиға орнында ажал құшқан Дана Сағынғалиқызымен көктемде шаңырақ көтереміз деп жоспарлаған екен.

Бұл алапат жаралыстан бір күн бұрын түсірілген кадр. 30 желтоқсан күні 20 жасқа толған Бақдәулетті достары мен сүйіктісі Дана келіп құттықтапты. Қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған жұптың бақыты бірақ ұзаққа бармады. Арада бір тәулік өткенде өздері жұмыс істейтін дәмханада газ баллон жарылып, 18 жастағы қыз тіл тартпай кетсе, араға 8 күн салып Бақдәулет те бақиға аттанды.

“Бір жетідей уақыт өтті. Бізге бала жақсы болып қалды деп айтқан соң, оларға сеніп, алаңсыз болдық. Үміт күтіп, беті бері қарады деп қуанып отырған едік. Содан 9 қаңтар күні түнде сағат 11:00-де қаралы хабар келді. Алға қойған мақсаты көп еді. Армандарына жете алмай кетті балам. Жүретін қызымен осы көктем шықса үйленіп бас қосамыз деп еді. Бәрі жақсы болады деп, уайымдамаңыз деп кеткен балам еді. Енді отырысымыз мынау”, – дейді марқұмның әжесі Қалдыкүл Ахметова.

Бақдәулет – үйдегі 6 баланың төртіншісі. Кішкентайынан футбол ойнап, талай жарыстан жүлделі қайтқан дейді жақындары. Шымкенттегі жоғары оқу орнында дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенті дәмханаға 1 ай бұрын ғана аспаз болып кірген екен.