16.01.2026, 18:40

«Инсульт алдым»: Танымал астаналық саудагер қиын тағдырын баяндады

Фото: видеодан скрин

"Бірінші сол пікірлерді оқыған кезде жылап, жастығым шылқып жататын еді".

Астанадағы "Комиссионка" дүкенінің иесі, әлеуметтік желіде киілген киім сатумен айналысатын Маржан Фазилова Abylaikhan Omirbay YouTube арнасына сұхбат берді. Ол дүкен ашудағы мақсаты, табысы мен хейтерлерге қатысты бар ойын ашып айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

"Негізі комиссионный магазинді 2023 жылы 25 мамыр айында құрдық. Жаймен-жаймен, тиындап-тиындап кішкене ғана 24 квадраттан бастадым. 2022 жылы қызымды ұзатқанмын ғой. Оның киімдері қалды, өзімдікі бар, баланыкі бар. Үшеуміздікі қарап тұрсаң, әлемге сыймайтын киім екен. Құр көтеріп жүре бересің. Құрсын деп екеу-екеу алып қалып, қалғанын бәрін сатуға шығардым. Кейін кәдімгі дүкен ашпақшы болдым. Ол кезде біраз қиналдым. Жалға алған жердің ақшасын шығару қиын. Содан кейін ескі Темір жол вокзалы жаққа көштім, - деді ол. 

Кәсіпкер Маржан Фазилова дүкеннің жарнамасын жасап бастаған сәтте қолдаушылармен қатар негатив пікір жазатын оқырмандардың да бар болғанын жасырмады.

"Бірінші сол пікірлерді оқыған кезде жылап, жастығым шылқып жататын еді. Сонда балам анандай жерде жатады. Бір бөлмеде жатамыз ғой. "Мам, неге жылай бересің, мен саған айттым ғой. Тікелей эфир осындай болады. Дайынмын деп айтып едің ғой. Енді неге жылап жатырсың", деді. Ал қазіргі кезде мән бере бермеймін, - дейді ол. 

Әлеуметтік желіде белсенділігімен танылған кәсіпкер комиссионка дүкенін неліктен сатылымға шығарғанын да бөлісті. Оның айтуынша, оған емге қаражат керек.

"Денсаулығыма байланысты дүкенімді сатып жатырмын. Арзанға сата салайын дедім. Өзім инсульт алған адаммын. Аяққа әзер тұрдым. Содан кейін біраз ауруханаға жатып емделейін дегенмін ғой. Болмайды бұлай жүре берсем, ертеңгі күні гүрс етіп құлап түссем, беті аулақ балаларыма кедергі болып қалмайын. Одан да сатып, емделіп алайын. Маған комиссионка ашу қиын емес. Басқасын ашып аламын", - деді Маржан Фазилова.