$ 510.95  594.49  6.5

Дінмұхаммед Қонаевтың кенже бауыры дүниеден өтті

Ол Минлиахмед пен Зауре Қонаевтар әулетіндегі он бірінші, яғни кенже бала болған.

Фото: imbb.org.kz
Фото: imbb.org.kz

Қазақ КСР Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, танымал ғалым-биолог Рауза Қонаева 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қаралы хабарды Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қор мәлімдеді.

Рауза Минлиахмедқызы Қонаева 1934 жылғы 10 сәуірде Алматы облысының Шілік ауылында дүниеге келген. Ол Минлиахмед пен Зауре Қонаевтар әулетіндегі он бірінші, яғни кенже бала болған.

Отбасындағы үлкен балалармен жас айырмашылығы айтарлықтай болған. Атап айтқанда, әпкесі Амина Рауза Қонаевадан 27 жас үлкен болса, ағасы Аскар Минлиахмедұлы одан бес жас үлкен болған.

Ғалым кеңестік кезеңдегі Алматы қаласындағы №28, №10 және №36 мектептерде білім алған. 1952 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, 1956 жылы жоғары оқу орнын тәмамдады.

Еңбек жолын 1957 жылы бастаған Рауза Минлиахмедқызы 2016 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясы жүйесінде қызмет атқарды. Ол Биохимия институтында (1957–1983 жж.), кейін Молекулалық биология және биохимия институтында (1983–2016 жж.) ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Рауза Қонаева – еңбектері шетелдік ғылыми ортада да мойындалған, биология ғылымы саласындағы ірі қазақстандық ғалым. Әріптестері оны жоғары мәдениетімен, қарапайым мінезімен, адамдарға деген ізгі қарым-қатынасымен және тыңдай білу қабілетімен ерекше атап өтеді.

Айта кетейік, Рауза Минлиахмедқызы елімізге белгілі заңгер Мұрат Баймахановтың жұбайы болған. Олардың қызы Дина Мұратқызы Баймаханова әке жолын жалғап, заң саласында биік жетістікке жетті. Қазіргі таңда ол – заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары