17.01.2026, 08:30

Бүгін кей өңірлерде ауа температурасы 45 градусқа дейін төмендейді

Фото: Алматы әкімдігі

Ақтөбе облысының оңтүстігі мен батысында түнде қар жауады.

Қазгидромет еліміздің 12 өңірінде күн райына байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Синоптиктердің болжамынша, 17 қаңтарда Алматы облысының солтүстігінде және таулы аймақтарында ауа температурасы –25 градусқа дейін төмендейді. Қонаев қаласында солтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа ауысатын жел күшейіп, екпіні кей уақытта секундына 18 метрге жетпек. Алматыда түнгі уақытта қалың қар жаууы мүмкін.

Ақтөбе облысының оңтүстігі мен батысында түнде қар жауады. Ал солтүстік, шығыс және орталық бөлігінде жаяу бұрқасын болады. Жел шығыстан және солтүстік-шығыстан соғып, екпіні 15–20 м/с, түнде кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетеді. Ақтөбе қаласында да түнгі уақытта жел күшеюі ықтимал.

Маңғыстау облысында қар жауып, көктайғақ болады. Түнде облыстың оңтүстігінде қалың қар жауады. Солтүстік-шығыста жаяу бұрқасын, ал батысы мен орталығында тұман түсуі ықтимал. Ақтауда көктайғақ болады.

Түркістан облысының батысында, солтүстігінде және таулы аймақтарында жаяу бұрқасын соғады. Түркістан қаласында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, көктайғақ, тұман және бұрқасын болжанып отыр. Шымкентте де осындай ауа райы сақталып, түнде жауын-шашын күшейеді.

17–18 қаңтар күндері түнде Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында аса қатты аяз күтіледі – ауа температурасы –45 градусқа дейін төмендейді.

Жетісу облысының солтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында түнде –25…–27 градус аяз болады. Талдықорғанда көктайғақ, түнгі температура –25…–26 градусқа дейін төмендейді.

Абай облысының оңтүстік-батысы мен орталығында жел күшейіп, екпіні 15–20 м/с болады. Ал түнде облыстың солтүстігінде аяз –40 градусқа дейін жетеді.

Ұлытау облысының оңтүстігі мен орталығында тұман түседі. Жел солтүстік-шығыстан және шығыстан соғып, екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Жезқазғанда да түнгі және таңғы уақытта жел күшейеді.

Қызылорда облысының оңтүстігінде қар, боран және көктайғақ болады. Жел екпіні кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Қызылорда қаласында да жел күшеюі ықтимал.

Қарағанды облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде тұман түседі. Түнде солтүстік-шығысында аяз –35…–38 градусқа дейін төмендейді.

Батыс Қазақстан облысында 17 қаңтарда шығыс және солтүстік-шығыс бағыттағы жел түнде күшейіп, екпіні 15–20 м/с болады.

Атырау облысының батысында, оңтүстігінде және шығысында қар, жаяу бұрқасын мен көктайғақ болады. Шығысында тұман түсуі мүмкін. Атырау қаласында да қар жауып, желдің екпіні 15–18 м/с-қа жетеді.

Синоптиктердің болжамына сәйкес, алдағы демалыс күндері Қазақстанның солтүстігі мен шығысында аяз күшейіп, батысы мен оңтүстігінде қар мен боран, желдің күшеюі және көктайғақ сақталады.