20.01.2026, 12:10

Ұлттық құрылтайда халық тілегі мен пікірі тоғысады – Асқар Жұмаділдаев

Фото: gov.kz

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өтуінің тарихи әрі саяси тұрғыдан маңызы ерекше.

Қызылордада V Ұлттық құрылтайдың отырысы санаулы минуттан кейін басталады. Қазір қатысушылар жиын өтетін орынға жиналып жатыр. Осы орайда математик, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық құрылтай мүшесі Асқар Жұмаділдаев Ұлттық құрылдай жайлы пікірін айтып, ойын ортаға салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өтуінің тарихи әрі саяси тұрғыдан маңызы ерекше. Байқасаңыз, бұған дейінгі құрылтайлар тарихымыздағы астана болған ежелгі қалалар аумағында өтіп келеді. 

Бір ғасыр бұрын дәл осы жерде ұлтымызға «қазақ» атауы қайтарылған еді. Қызылорда – елдің дамуы мен өсіп-өнуіне, мәдени рухани толысуына ықпалын тигізген азаматтардың табанының ізі қалған киелі өңір. Бұл жағынан, бүгінгі құрылтайдың Сыр өңірінде өтуі заңды. Сондықтан, бұл басқосудан күтетін оң жаңалық көп. 

"Құрылтай дегеніміз не? Ашып айтсақ, ол заң шығарушы Парламент емес. Бұл жерде халық тілегі мен пікірі тоғысады. Дұрысы, Мемлекет басшысы мен халық өкілдерінің тығыз байланысы осы жерде көрінеді. 

Бұған дейін қазақ ғылымы, қазақ технологиясын дамыту жайында жиі айтып келдім. Әрі осы дүниенің ана тілімізбен байланыса отырып қарыштағаны жақсы. Университет, ғылым және өндіріс деген үштағанның басын қосып, біріктіру жағынан қарастыру маңызды. 

1946 жылы ашылған Қазақ ұлттық ғылым академиясы 2003 жылы тарап кетті. Даңқты ғалым Қаныш Сәтпаевтың уақытында республикада көптеген ғылыми жаңалық пайда болды. Қазіргі ел қазынасын толықтырып отырған қазба байлықтарымыздың дені сол уақытта ашылды. Міне, осындай ғылым мен жаңа технологияларды әрі қарай дамыта отырып, елді жетістікке жетелеу басты мақсат болып қала бермек", - дейді Ұлтық құрылтай мүшесі Асқар Жұмаділдаев. 

Құрылтайда ел дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, әлеуметтік-мәдени, білім-ғылым, азаматтық қоғам және экономикалық даму бағыттары бойынша ұсыныстар айтылады.