Сынақтар қатысушылардың физикалық дайындығын ғана емес, төзімділігі мен мінезін де айқындады.
Атбасар қаласында «Дала Қырандары» қозғалысына қосылуға ниетті жастар мен қызметкерлер арасында дене даярлығы бойынша нормативтер қабылданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сынақтар қатысушылардың физикалық дайындығын ғана емес, төзімділігі мен мінезін де айқындады. Не тексерілді. Үміткерлер 3000 метрге жүгіру және Купер тестінен өтті. Тестке үш жаттығу кірді: секіру, қолды бүгіп-жазу және іш бұлшықеттеріне арналған «кітапша» жаттығуы. Нәтижелер жас және салмақ категориясына сай бағаланып, ресми хаттамаға енгізілді.
Жарыс рухы. Іс-шара алдында қатысушыларға нұсқаулық беріліп, жалпы қыздыру жаттығулары өткізілді. Сынақ барысында командалық қолдау ерекше сезілді — тәжірибелі қырандар жаңадан келгендерге бағыт-бағдар беріп, жігерлендіріп отырды.
Қауіпсіздік үшін медицина қызметкерлері кезекшілік етті. Маңызы. Нормативтерді тапсыру — қырандық жолдың алғашқы әрі маңызды кезеңі. Мұнда тек физикалық көрсеткіштер емес, тәртіп, жауапкершілік және өзін дамытуға деген дайындық бағаланады. Жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар келесі кезеңге — емтихан мен сұхбатқа жолдама алды.
Ұйымдастырушылардың пікірі:
«Біз үшін күш пен жылдамдық қана емес, адамдық қасиет те маңызды. Нағыз қыран — мінезі берік, тәртіпті және сенімге лайық тұлға», — деді ұйымдастырушылар.