"Ол үш ай бойы Шерханмен кездесіп жүргенін айтты".
Шымкентте 21 жастағы Нұрайдың қаза табуына қатысты президент үндеуінен кейін бірнеше полиция қызметкері жұмыстан босатылған болатын. Алайда қызметтен кеткен полицей Әбілғазы Артықбай бұл іске байланысты жаңа деректерді жария етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол Айгүл Орынбекке берген сұхбатында марқұм қыздың алып қашу кезінде өз еркімен барғанын, ешқандай арыз жазбағанын және қысым көрмегенін айтты. Оның сөзінше, оқиға болған күні үйде қонақтар жиналып, дастархан жайылған.
«Нұраймен жеке сөйлестім. Ол үш ай бойы Шерханмен кездесіп жүргенін айтты. Алматыдан Шымкентке бірге келген. Жолда екеуі отбасын құруды өзара шешкен. Жігіт ата-анасына хабар берген. Қыз өз еркімен көліктен түсті. Видеода бәрі анық көрінеді», – дейді бұрынғы полиция қызметкері.
Артықбай сол күні түсірілген бейнематериалдарды жігіттің туыстарынан алғанын, онда ешқандай күш қолдану белгілері жоқ екенін атап өтті. Айтуынша, Нұрай дәстүр бойынша үйге кіріп, арнайы рәсімдерге де өзі қатысқан.
Полицейдің сөзінше, марқұм сол күні арыз жазбаған. Ал заң бойынша, некеге мәжбүрлеу дерегі жәбірленушінің жеке арызынсыз тіркелмейді.
«Қыз да, жігіт те полиция бөлімінде жеке-жеке түсініктеме берді. Екеуі де бұл шешімді өз еріктерімен қабылдағандарын айтты. Қыз 21 жаста, заң алдында жауапты тұлға», – дейді Артықбай.
Ол әлеуметтік желілерде тараған “күштеп алып қашты” деген ақпараттың біржақты екенін айтып, кінәсіз полицейлер жауапқа тартылып жатқанын жеткізді.